RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Қазақстанда үнді тракторлары өндірілмек: 122 млн долларлық келісім жасалды

09.09.2026, 16:16 42

Қазақстан мен Үндістан жалпы құны 122 млн доллар болатын екі негіздемелік келісімге қол қойды. Оның бірі Қазақстанда үндістандық тракторларды құрастыру және өндірісті кезең-кезеңімен жергіліктендіруді көздейді, деп хабарлайды 24KZ Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

120 млн долларлық келісім «SP BKM» ЖШС мен үндістандық International Tractors Limited компаниясы арасында жасалды. Тараптар Қазақстанда Sonalika/Solis тракторларын құрастырып, өндірісін біртіндеп жергіліктендіруді жоспарлап отыр.

Жоба аясында ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу, құрастыру, тарату және кейінгі сервистік қызмет көрсету мәселелері қамтылады. Болашақта өндірістегі жергілікті қамту үлесін арттыру көзделген.

Тағы бір келісім «SP BKM» ЖШС мен Big Bang Boom Solutions Private Limited компаниясы арасында жасалды. Ол қорғаныс технологиялары, ішкі қауіпсіздік және қосарлы мақсаттағы шешімдер саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған. Тараптар Қазақстанда бірлескен жобаларды анықтап, бағалап, іске асыру мүмкіндіктерін қарастырады.

Келісімдер Ченнай қаласында өткен Қазақстан-Үндістан сауда және инвестициялар жөніндегі бизнес-форумының қорытындысы бойынша жасалды. Шараға Қазақстан тарапынан 110-нан астам өкіл, оның ішінде 65-ке жуық компания қатысты.

Форум барысында машина жасау, агроөнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, құрылыс, мұнай-газ, IT және логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қазақстан Үндістанға экспорт көлемін де арттыруды көздеп отыр. Қазір экспортты шамамен 313 млн долларға ұлғайтуға мүмкіндік беретін 95 тауар позициясы анықталған. Олардың қатарында металлургия, химия, тамақ өнеркәсібі, құрылыс және машина жасау өнімдері бар.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 315,4 млн долларды құрады.

Тараптар көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастықты да талқылады. Қазақстан Үндістан тауарларын өз аумағы арқылы Орталық Азия, Қытай және Еуропа елдеріне жеткізуді кеңейтуге мүдделі.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, маңызды минералдар, фармацевтика, цифрландыру, жасанды интеллект, IT және энергетика салаларындағы бірлескен жобалар перспективалы бағыттар ретінде белгіленді.

Қазақстан үндістандық инвестициялар мен технологияларды тартып, жоғары қосылған құны бар өндірістерді елде орналастыруға ниетті. Осы мақсатта инвесторларға Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарда өндіріс ашу мүмкіндіктері ұсынылды.

Қазір еліміздің 14 өңірінде 17 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олар инвесторларға дайын инфрақұрылыммен қатар салықтық және кедендік жеңілдіктер береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz