RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Қытай сауда айналымын $100 млрд жеткізуді көздейді

09.09.2026, 17:10 74

Қытай Қазақстанның сыртқы саудадағы басты серіктесі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қос ел арасындағы сауда айналымы 11 пайызға өсіп, 50 млрд долларға жуықтады.

Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында тауар айналымы 27 млрд доллардан асты. Алайда мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Ендігі мақсат экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттырып, өзара сауда көлемін 100 млрд долларға дейін көбейту. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне берген эксклюзивті жазбаша сұхбатында айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көлік логистика, цифрлық экономика салаларындағы серіктестік жайында сөз қозғады.

Қазақстан мен Қытай... Алтайдың асқақ жоталары мен Жоңғар қақпасы арқылы жалғасқан көршілердің ынтымағы ықылым заманнан сыр шертіп, жаңа заманның үдерісінде де үйлесім тауып келеді. Қос елдің жолы да, жүгі де бір. Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында Қытаймен достықты жоғары бағалап, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір. Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр.

Шығыстағы көршімізбен екі жақты сауда рекордтық деңгейге жетті. Сөзіміз сөлді болу үшін айталық, 2025 жылы қос ел арасындағы сауда айналымы 11 пайызға өсіп, 50 млрд долларға жуықтады. Ал ағымдағы жылдың алғашқы алты айында тауар айналымы 27 млрд доллардан асты. Алайда мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатта алда тұрған ауқымды міндеттерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз үшін сауданың сандық өсімі ғана емес, экономикалық ынтымақтастықтың құрылымын өзгерту де маңызды. Жаһандық дамудың қазіргі жағдайында шикізаттық модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға біртіндеп көшуіміз керек. Бұл – ірі бірлескен өндірістер құру, терең қайта өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру және озық технологиялар трансферін жүзеге асыру деген сөз. Қалыптасқан саяси сенім деңгейі, халықтарымыздың достық пен ынтымақтастыққа деген шынайы ұмтылысы алдағы уақытта алға жылжу үшін бірегей перспективалар ашады. Сондықтан алдымызда тұрған ауқымды, бірақ толық орындалатын міндеттер бар – өзара сауда көлемін 100 млрд долларға дейін арттыру, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықтың сапасын көтеру.

Екі ел үшін көлік пен логистика да стратегиялық бағыт саналады. Суда жолы қысқа болса да құрлықта Қазақстан құр алақан емес. Тіпті Шығыс пен Батыс арасындағы алтын көпір. Мәселен, Қытайдан Еуропаға өтетін транзиттік тасымалдардың 85 пайызы біздің елге тиесілі. Былтырдың өзінде трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 млн тоннадан асқан. Ал автомобиль транспорты бағытында 8 млн тоннаға жуық жүк жеткізіліген. Президент орта дәлізді дамыту – ортақ міндетіміз. Сондықтан біз ақылды кеденді енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді синхрондауға, шекаралық процедураларды автоматтандыруға ерекше мән береміз деген болатын. Сарапшылар оны дамытудың амалын тапса, аймақтағы көшбасшыға айналады. Тас және шойын жолдармен-ақ шаруаны ширатуға мүмкіндік бар дейді.

Оксана Сорокина, халықаралық сарапшы:

- Орта дәліз өте маңызды. Неге Қытай, Еуропа осы жолдарға қызығып жатыр? Себебі теңіз жолдары ұзақ 40-45 күнде жетеді, соның өзіңде келеңсіз оқиғалар болып тұрады. Ал теміржолмен баратын жол 14-15 күнде жетіп барады. Біздің әлеуетіміз осыда.

Қытаймен өнеркәсіптік ынтымақтастық та кеңінен етек жайды. Мәселен, ел аумағында қытай капиталы бар 9 мыңнан астам компания кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік инвестиция көлемі 62 млрд доллардан асатын 260 жобаны қамтиды.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуының жарқын мысалы машина жасау саласы екенін айтты. Ал жасыл энергетика желісіндегі серіктестік аясында қуаты шамамен 1,5 Гигават болатын 29 жоба жүзеге асырылды. «Жалпы қуаты 1,7 Гигаваттан асатын тағы 11 жоба болса іске асырылу сатысында тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан бөлек, Президент тараптар цифрлық серіктестікке де серпін беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан үшін цифрландыру саласында Қытаймен ынтымақтасу өте маңызды. Сіздердің елдеріңіз қуатты технологиялық экосистема қалыптастырды, жасанды интеллект, робототехника, электронды коммерция және басқа да салаларды дамытуда таңғажайып нәтижелерге қол жеткізді. Бұл мәселеде біздің тәсілдеріміз Қытайдың позициясымен үндес. Осы жылдың шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның негізін қалаушы 29 мемлекеттің қатарына кірді. Бұл – жасанды интеллект саласындағы елдердің күш-жігерін үйлестірудің ашық әрі тиімді халықаралық жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуға ұмтылады. Осыған байланысты Екібастұз қаласындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының маңызы зор. Біз Alatau City жобасына да айрықша көңіл бөліп отырмыз.

Саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел азаматтары арасындағы тікелей қарым-қатынастар да белсенді дамып келеді. Биыл Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізуі осы үрдістің жарқын дәлелі болды. Бұдан бөлек, ондаған мың қазақстандық студент көрші елде білім алып жатыр. Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай жастарының саны да аз емес.

Жадыра Әсетқызы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:

- Былтыр елге 962 мың қытайлық турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға көп. Президент көршілерімізге елде етене танысатын дүние жеткілікті екенін де сұхбатта айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар Қазақстан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып біліп келеді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайтынын да айтты. Сондай-ақ Президент биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толғанына назар аударып, келесі жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл болатынына тоқталды. 

Авторлары: Әлішер Әли, Мерей Талап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz