Алдағы үш жылда екінің бір Қытай көлігін мінетін болады. Яғни бұл техниканың отандық нарықтағы үлесі 50 пайызға жетеді. Сенбеске амал да жоқ. Көрсеткіш қазірдің өзінде 45 пайызға жуықтады. Ал былтыр 39 пайыз шамасында еді.
Сонымен бұл көліктердің несі артық? Сұранысқа ықпал еткен не? Жалпы елдегі автонарық қалай құбылып жатыр?
Елдегі көлік саудасында рекорд орнайды. Бұл автомобиль нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарянның пікірі. Оның айтуынша, жаңа темір тұлпарларға сұраныс артып жатыр. Жеті айдың өзінде 127 мыңы сатылды. Дені Chevrolet, Hyundai және Kia маркалары. Сарапшы қытайлық брендтердің де үлесі айтарлықтай өскенін айтады. Алғаш рет 45 пайызға жуықтады. Яғни жаңа көліктер нарығында Қытай маркаларының өзіндік орны қалыптасып келеді. Автокөлік сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті Ербол Сейпілов сатылып жатқан Қытай көліктерінің көбі Қазақстанда шығарылғанын жеткізді.
Ербол Сейпілов, «QazAutoStandard» автокөлік сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті:
- Қытай нарығы, әрине, дүниежүзілік аренада өзін жақсы көрсетті. Автомобиль шығара аламыз. Жақсы брендтер болады бізде, сапасы да бар деген сияқты. Өзін жақсы жариялады. Біздің де автомобиль өндірісі соған дайын болып отырды. Қазіргі таңда көптеген Қытайдың брендтері біздің елімізге өндіріске келіп отыр. Бастапқы кезде олар импорт ретінде кіріп, нарықты зерттеп, кейін көп брендтер Алматы қаласында, Қостанай болсын, сол брендтер елімізге кіріп отыр. Олардың бәрі қазір отандық, елімізде шығарылатын көлік болып саналады.
Сарапшы: көлік арзандамайды
Қытай көліктері нарыққа келгелі, баға 10 ай көлемінде кәдімгідей түсті. Оның өзі автопарктың айтарлықтай жаңаруына ықпал еткені рас. Көпшілік жаңа көлікті салоннан алып марқайды. Таңдау көп, қандай марка, қандай түсін алам десеңіз, еркіңізде. Бірақ ендігіде ҚҚС-ның өсуі, сондай-ақ сұр нарыққа бақылаудың күшеюі бағаға әсер етуі мүмкін. Артур Мискарян: «Жыл аяғына дейін елде жаңа автобрендтер мен модельдер пайда болады», - дейді. Ал жеке тұлғаларға лизинг қайта іске қосылады. Демек сатып алушылар үшін жаңа ұсыныстар жасалуы керек. Бірақ сарапшы: «Баға бұдан әрі төмендемейді», - деп сендірді.
Сатылған 10 көліктің 8-і Қазақстандыкі
Қазір машина жасау саласының 40 пайызын көлік өндірісі қамтып отыр. Бірер жыл бұрын көрсеткіш 13-14 пайыздай еді. Бұл өндіріс қарқынының артқанына дәлел. Ең бастысы елде сатылған 10 көліктің 8-і – өзіміздікі. Биылғы 7 айдың өзінде 11 зауыт 111 мыңнан астам жаңа темір тұлпар өндірді. Әзірге өсім 19 пайызға тең.
Ербол Сейпілов, «QazAutoStandard» автокөлік сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті:
- Автомобиль нарығы әрқашан да ескіріп отырады. Өйткені бүгінгі алған көлігіңіз ертең ескі болып саналады. Сондықтан мұнда жақсы механизмдер болуы керек. Мемлекет тарапынан ол жасалып жатыр. Көліктерді утилизация жасау, сертификат беру деген сияқты мәселелер бар. Ынталандыру саясаттары бар, жаңа көлік алуға деген сияқты. Мұнда, әрине, әрбір тұтынушы өзі шешеді.
Елде автонесиелеу қысқарды
Расында, елдегі авто өндіріс те, нарық та қызып тұр. Бірақ көлікті қарызға алатындардың үлесі сиреген. Өйткені несие құны өсті. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының дерегіне сүйенсек, бірінші жарты жылдықта берілген қарыз көлемі 24% қысқарып, 886 млрд теңге болды. Өнімдер де былтырғыдай емес, 9%-ке азайған. Оны мақұлдау көрсеткіші де көп емес. Бір жылда 17,6%-дан 16,8%-ға дейін төмендеді. Бұл тенденцияға автонесие құнының қымбаттауы себеп. Орташа мөлшерлеме 18,8%-дан 24,4%-ға дейін көтерілді. Соның салдарынан есептік ай сайынғы төлемнің орташа жалақыға қатынасы 24,7%-дан 30,6%-ға өскен.
Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы:
- Нарықтың бәсеңдеуіне халықтың нақты табысының баяу өсуі, қатаң ақша-кредит саясаты, банктердің несие беру талаптарының күшеюі және автодилерлердің акциялары мен жеңілдетілген бағдарламаларының қысқаруы әсер етті. Сонымен қатар автонесие портфелінің өсу қарқыны да айтарлықтай баяулаған. Бірінші жартыжылдықта ол 5,2% өсті. Былтыр осы кезеңде өсім 23,2% болған. Қазір автонесиелер халықтың жалпы бөлшек қарызының 16,3%-ын құрайды.
Дегенмен банктер үшінші тоқсанда автонесиеге сұраныс қайта жанданады деп сенеді. Бұған автодилерлермен бірлескен бағдарламалардың қайта іске қосылуы және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шаралары ықпал етеді. Бұл елдегі автопаркті біршама жаңартудың жалғыз жолы.
Тегтер #қытайлық көлік #техника #рекорд #сауда #автомобиль нарығы #автонесие #банк #бұл нарықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz