RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Qazaq Expert Club

Климат – қазақстандық бизнес үшін жаңа тәуекел факторы

10.09.2026, 10:18 43

2026 жылдың жазында Қазақстан тағы да +40°C-тан жоғары аптап ыстық пен бірнеше өңірдегі құрғақшылыққа тап болды. Ал екі жыл бұрын соңғы 80 жылдағы ең ірі су тасқындары зардап шеккен шағын және орта бизнеске 10 млрд теңгеден астам өтемақы төлеуге әкелді.

Бұл ретте климаттық тәуекел компанияның есептілігінде әрдайым «климат» деген атаумен көріне бермейді. Бизнес үшін оның көрінісі әлдеқайда қарапайым: өндірістің тоқтап қалуы, жеткізілімдердің үзілуі, шикізатқа, су мен электр энергиясына жұмсалатын шығындардың өсуі, сақтандыру шығындарының артуы немесе өнімнің бір бөлігін жоғалту.

Неліктен климаттық тәуекелдерді қазірдің өзінде қаржылық және операциялық тәуекелдермен қатар қарастырған жөн және компаниялар оларды бағалауды неден бастауы керек? Бұл туралы Qazaq Expert Club-тың климаттық саясат және тұрақты қаржыландыру саласындағы сарапшысы Мадина Казкен түсіндіреді.

Ол: «Қазақстан үшін бұл тақырып әсіресе өзекті, өйткені ел аумағының едәуір бөлігі құрғақшылыққа, су тапшылығына, экстремалды температура мен су тасқындарына бейім, ал экономика климатқа сезімтал салаларға – ауыл шаруашылығына, энергетикаға, тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне, құрылыс пен көлікке тәуелді», – дейді.

Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, климаттық күйзелістер 2050 жылға қарай Қазақстан экономикасын 1,6%-ға қысқартып, кедейлік деңгейін 3%-ға арттыруы және нақты жалақыны 2,1%-ға төмендетуі мүмкін.

«Бұл мұндай шығындар міндетті түрде болады дегенді білдірмейді. Алайда бизнес үшін климаттық факторларды олар тікелей шығындарға айналмай тұрып талдаудың неліктен маңызды екенін көрсетеді», – дейді Казкен.

Оның пікірінше, бизнес үшін климаттық тәуекелдерді шартты түрде екі топқа бөлуге болады, бірақ түптеп келгенде олардың екеуі де бір нәтижеге – қосымша шығындарға немесе жоғалған табысқа әкелуі мүмкін.

Бірінші топқа физикалық тәуекелдер жатады: құрғақшылық, су тасқындары, өрттер, аномалды ыстық, су тапшылығы. Олар ауыл шаруашылығындағы өнімділікті төмендетіп, өнеркәсіптің су мен энергияға қолжетімділігін шектеп, активтерге зиян келтіріп, жеткізілімдерді бұзуы мүмкін. Сондықтан компаниялар үшін өз нысандарының орналасқан жерін ғана емес, бүкіл жеткізу тізбегінің осалдығын да бағалау маңызды.

Тәуекелдердің екінші тобы ауа райының өзінен емес, экономика мен нарықтардың климаттың өзгеруіне қалай жауап беретініне байланысты туындайды. Қазақстан парниктік газдар шығарындыларына квоталар саудасы жүйесін, жасыл қаржыландыруды және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағыты аясында көзделген басқа да құралдарды дамытып келеді. Сонымен қатар технологиялар, банктердің, инвесторлардың, ірі тапсырыс берушілер мен шетелдік серіктестердің талаптары өзгеруде.

«Нәтижесінде, – дейді сарапшы, – қолданыстағы жабдықтың бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін, жеткізушілерден экологиялық көрсеткіштерін растау талап етілуі ықтимал, ал жаңғырту қосымша инвестицияны қажет етуі мүмкін. Яғни бұл жағдайда да климаттық фактор түптеп келгенде компания үшін шығындар, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттілік мәселесіне айналады».

Бизнестің климаттық тәуекелдерді қаржы тіліне аударуды үйренуіне тура келетін тағы бір себеп бар. Халықаралық деңгейде компанияның қаржылық жағдайына әсер етуі мүмкін климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктер туралы ақпаратты ашуды көздейтін ХҚЕС S2 стандарты қолданыста. Қазақстан да тұрақты даму туралы ақпаратты ашу стандарттарын енгізу бағытында қозғалып келеді, сондықтан компанияларға мұндай талаптарға алдын ала дайындалған жөн.

Іс жүзінде, сарапшының айтуынша, бизнестен көбіне шығарындылар немесе экологиялық жобалар туралы жай ғана есеп беру емес, қандай климаттық факторлар оның қаржылық жағдайына, стратегиясы мен тұрақтылығына әсер етуі мүмкін екенін түсіну талап етіледі.

«Менің ойымша, көптеген компаниялардың басты қателігі – климаттық тәуекелдерді тек экологтардың міндеті деп қабылдау. Алайда оның салдары сатып алуға, өндіріске, логистикаға, қаржы мен стратегияға әсер етеді, сондықтан оларды бүкіл компания деңгейінде бағалау қажет», – дейді Мадина Казкен.

Сонымен қатар оның пікірінше, алғашқы талдау үшін бірден күрделі климаттық модель құрудың немесе көлемді ESG-есеп дайындаудың қажеті жоқ. Бес практикалық сұрақтан бастауға болады.

Бірінші – компания қызметі қандай табиғи ресурстарға тәуелді? Бұл су, жер ресурстары, тұрақты энергиямен жабдықтау немесе белгілі бір температуралық режим болуы мүмкін.

Екінші – қандай нысандар, жеткізушілер мен бағыттар ең осал? Компанияның өз өндірісін ғана емес, бүкіл жеткізу тізбегін ескеру қажет. Климаттық құбылыс кәсіпорыннан алыс жерде орын алса да, қажетті шикізаттың кешігуіне немесе логистиканың бұзылуына әкелуі мүмкін.

Үшінші – қандай нарықтық және реттеушілік өзгерістер компания өніміне әсер етуі мүмкін? Бұл мәселе экспорттаушылар, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар және халықаралық компаниялардың жеткізушілері үшін ерекше маңызды.

Төртінші – алдағы жылдары қандай қосымша шығындар туындауы мүмкін? Жабдықты жаңғырту, су мен энергияны есепке алу жүйелерін енгізу, сақтандыру немесе жеткізілімдерді әртараптандыру қаржылық жоспарлауды талап етеді.

Бесінші – компания ішінде бұл тәуекелге кім жауап береді? Егер климат мәселелері тек экологтардың жауапкершілік аймағында қалса, қаржылық және операциялық салдардың бір бөлігі назардан тыс қалуы мүмкін. Бағалауға өндіріс, тәуекелдер, қаржы, сатып алу, стратегия және инвестициялар саласындағы мамандар қатысуы тиіс.

«Барлық ықтимал қауіптерді жай ғана тізіп шығу емес, олардың қайсысы нақты бизнес үшін маңызды екенін анықтау қажет. Агрокәсіпорын үшін негізгі факторлардың бірі суға қолжетімділік болуы мүмкін. Логистикалық компания үшін – бағыттардың сенімділігі. Өнеркәсіптік кәсіпорын үшін – энергия тиімділігі мен жабдықтың жай-күйі. Құрылыс компаниясы үшін – экстремалды температураның жұмыс мерзімі мен оны жүргізу жағдайларына әсері», – деп түсіндіреді сарапшы.

Сондай-ақ бір компаниялар үшін жаңа тәуекел туындаған жерде, басқа компаниялар үшін жаңа нарық қалыптасатынын да ескерген жөн.

«Климаттың өзгеруі ақылды суару жүйелеріне, топырақ пен су ағып кетуін бақылауға, өнімділікті болжауға, энергия тиімді шешімдерге және басқа да технологияларға сұраныс қалыптастырады. Стартаптар үшін бұл – жаңа нарықтық нишалар, ал ірі компаниялар үшін – бір мезгілде шығындарды азайтып, өндірістік процестерді тұрақтырақ ету мүмкіндігі.

Мұндай жобаларға қаржы тартуға жасыл облигациялар мен қарыздар көмектеседі. Алайда экологиялық тұрғыдан тиімді болудың өзі жеткіліксіз: шешім бизнестің нақты мәселесін шешіп, өлшенетін нәтиже беріп, экономикалық тұрғыдан негізделуі тиіс», – деп қорытындылайды Мадина Казкен.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz