RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында 3 мыңнан астам адам банкрот деп танылды

11.09.2026, 10:20 41

Павлодар облысында соттан тыс банкроттық рәсіміне 18 мыңнан астам өтініш берілген. Оның ішінде 3 361 азамат банкрот деп танылып, қарыздары есептен шығарылды, деп хабарлайды «24KZ».

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, тағы 980 өтініш бойынша банкроттық рәсімі жалғасып жатыр. Ал 13 мыңнан астам өтініш беруші сол кездегі талаптарға сәйкес келмегендіктен, рәсімнен бас тартылған.

Мемлекеттік кірістер органдары соттан тыс банкроттық рәсіміне қойылатын талаптардың жеңілдетілгенін атап өтті. Енді банк немесе микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылған, таратылған не тиісті тізілімдерден шығарылған жағдайда да берешекті есептен шығаруға мүмкіндік бар.

Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Төлеген Шаймардановтың айтуынша, өтініш беру кезінде қарыздың нақты сомасы мен кредитордың атауын көрсету, сондай-ақ растайтын анықтамаларды қоса беру талабы алынып тасталды.

Сонымен қатар, мөлшері бір АЕК-тен төмен төлем төлем мерзімін өткізу кезеңін үзбейді. Кредит бойынша төлемді 12 айдан астам уақыт өтемеген азаматтарға да өзгерістер енгізілді. Заңда көзделген жағдайларда енді олар банкпен берешекті алдын ала реттеуге міндетті емес. Биылғы 19 наурыздан бастап қарызы 1 600 АЕК-ке дейін және төлем мерзімі бес жылдан астам уақытқа кешіктірілген азаматтар үшін соттан тыс банкроттық рәсімінің мерзімі алты айдан бір айға дейін қысқартылды, — деп атап өтті департамент өкілі.

Мамандар банкроттықтың қарызды есептен шығарумен қатар, белгілі бір шектеулерге әкелетінін ескертеді. Бес жыл ішінде азамат қарыз ала алмайды және кепілгер бола алмайды. Үш жыл бойы оның мүліктік жағдайына мониторинг жүргізіледі. Банкроттық рәсімін қайтадан жеті жылдан кейін ғана пайдалануға болады.

Осыған байланысты мамандар азаматтарға банкроттық туралы өтініш бермес бұрын қарызды есептен шығару мүмкіндігімен қатар, банкрот мәртебесінің салдарын да мұқият бағалауға кеңес береді.

 «24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz