RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда тауар биржаларындағы саудаға бақылау күшейді

11.09.2026, 16:13 49

Қазақстанда тауар биржаларындағы сауда тәртібі жаңартылып, нарық инфрақұрылымына қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Елімізде қазір үш тауар биржасы жұмыс істейді. Әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлар «Еуразиялық сауда жүйесі» және «Каспий» тауар биржаларында сатылады.

Министрлік мәліметінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – биржалық сауданың ашықтығын арттырып, бәсекелестікті дамыту және бағаны жасанды көтеру тәуекелдерін азайту. 2024 жылдың соңында осы бағыттағы бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданды.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап биржаларға, брокерлер мен клирингтік орталықтарға мемлекеттік бақылау күшейтілді. Брокерлер мен клирингтік орталықтарға лицензия алу міндеттеліп, талаптарды бұзған жағдайда лицензияны тоқтату немесе одан айыру тетігі енгізілді.

Ал биылғы 1 қаңтардан бастап клирингтік қызметті реттейтін толық жүйе іске қосылды. Сонымен қатар биржалық саудаға адал емес қатысушылардың тізілімін жүргізу және мәмілелер туралы ақпаратты сақтау талаптары енгізілді.

Әлеуметтік маңызы бар тауарларды сату үшін арнайы тәртіп белгіленіп, мұндай өнімдер Үкімет конкурс арқылы анықтаған биржаларда өткізіледі.

Биржалық инфрақұрылым Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында да дамып келеді. АХҚО юрисдикциясында тауар активтері мен туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылған саудаға арналған жеке реттеу жүйесі қалыптасқан. Оның аясында металдар, ауыл шаруашылығы өнімдері, энергия ресурстары және экологиялық құралдарға байланысты деривативтермен операциялар реттеледі.

Министрлік бұл өзгерістер тауар нарықтарының ашықтығын арттырып, биржалық сауда құралдарын кеңейтуге және жаңа қатысушыларды тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz