Каспийге жол түссе, паромға мінесіз. Паромға мініп қана қоймай, теңіздің арғы бетіне дейін саяхаттауға болады. Қазақстан мен Әзербайжан жолаушыларға арналған су көлігін қайта жүргізбек. Теңізде жүк тасымалдау көлемі де артады.
Қазір екі бірдей портты жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, көрші елдермен арада әуе рейстері көбейіп, автожолдарда интернет қалыпты ұстайтын болады.
Қазақстандықтар Каспийдің арғы бетіне пароммен өте алады. Әзербайжанмен осындай уағдаластық жасалған. Дәл осы су көлігі 2020 жылға дейін де қолданыста болған. Ол кезде жылына 1500-ге жуық жолаушы тасымалданатын. Кейін пандемия кезінде көлік қатынасы үзілді. Енді Қазақстан тарапы «Құрық – Баку – Құрық» бағыты бойынша паромды қайта желіге шығаруды ұсынып отыр.
Әзербайжан билігі де бұл бастаманы қолдауға әзір. Көлік министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазір екі елдің тиісті мемлекеттік органдары паром қызметін қалпына келтіруге кірісіп кеткен. Мамандардың айтуынша, мұндай көлік түрімен саяхаттауға жолаушылар тарапынан сұраныс артады. Өз кезегінде бұл бастама екі ел арасындағы барыс-келісті жиілетіп, орта дәліздің мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ бүгінде Баку мен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалалары арасында аптасына 37 әуе рейсі бар.
Құрық портында жаңа терминал ашылады
Каспий арқылы жолаушы да, жүк те тасымалданады. Халықаралық көлік дәлізімен өтетін тауар көлемін келер жылы 10 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр. Ал биыл порттар әзірге 5,2 млн тонна жүк қабылдайды. Соның ішінде Қытайдан Еуропаға 90 мың транзиттік контейнер өткізу жоспарланып отыр. Бүгінде 62 мыңы тасымалданған. Ақтау мен Құрық порттарын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында жаңа контейнерлік терминал іске қосылады.
Жасұлан Керімбаев, ҚР Көлік министрлігі Теңіз порттары басқармасының басшысы:
- Ақтау портында түбін тереңдету жұмыстары басталды. Осы жылдың желтоқсан айына дейін осы жұмыстар аяқталады. Сонымен қатар қараша айында Құрық портында Ерсай контейнерлік терминалы іске қосылады. Өз кезегінде кеме көлемін ұлғайту шаралары аясында 8 қазақстандық кеме салынуда. Олардың алтауы 2027 жылы іске қосылып, екеуі 2028 жылы іске қосылады.
Өзбекстанмен арада әуе рейсі көбейді
Қазақстан мен Өзбекстан туристік көлік байланысын нығайтты. Бүгінде екі ел арасында аптасына 70 әуе рейсі қатынайды. Былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға көбейді. Ұшақтар ірі қалаларды ғана емес, өңірлерді де жалғай бастады. Атап айтқанда, биыл Атырау, Орал, Қостанай, Ақтөбе қалаларынан Ташкентке, Алматыдан Самарқанд пен Үргенішке тікелей әуе жолы ашылды. Жаңа рейстердің пайда болуы нәтижесінде өзара жолаушы ағыны 30 пайызға артқан. Салалық министрлік мамандары осылай дейді.
40 мың км автожол интернетпен қамтылады
Сондай-ақ елде 40 мың шақырым автожолдың бойы интернетпен қамтылады. Мұны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Биыл республикалық маңызға ие жолдарға басымдық берілгелі отыр. Ал келер жылы облыстық жолдарда интернет қолжетімді бола бастайды. Ведомствоның мәліметі бойынша, жобаға мемлекеттік бюджеттен қаражат тартылмайды. Тиісті жұмыстың барлығы инвестор есебінен жүргізіледі.
Тегтер #паром #Каспий #теңіз #саяхат #жолаушы #жүк тасымалдау #порт #әуе рейс #интернет #автожол #бұл нарық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz