Қазақстан 2040 жылға қарай мұнай өңдеу көрсеткішін 2 жарым есе арттырып, 39 млн тоннаға жеткізеді. Бұл дегеніміз, қазір сыртқа кетіп жатқан өнімнің кемі тең жартысын дайын өнімге айналдырамыз деген сөз. Яғни нарыққа, сосын экспортқа шикізат емес таза бензин, дизель, керосин шығады.
Отандық зауыттар қазір 18 млн тонна мұнай өңдеп отыр. 2040 жылға дейін көрсеткіш 2,5 есе өседі. Межеге жетудің даңғыл жолы мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасында көрсетілген. Қазір бензин мен дизель отыны Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында шығарылады. Енді бұл нысандар қосылған құны жоғары өнім шығаруға бет бұрып жатыр. Жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін 15-19 млрд АҚШ доллары инвестиция тартылады.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Сапалы дизель отыны мен бензиннен бастап, полимер өнімдеріне дейінгі әртүрлі отын түрлері өндіріледі. Қазақстанда қуаттылығы 600 мың тонна болатын полипропилен өндірісі жұмыс істеп тұр, біз оны қазірдің өзінде сатып жатырмыз. Бұдан әрі полиэтилен өндіретін зауыт іске қосылады, сондай-ақ Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыт жобасы дамып келеді. Алкилат –жоғары октанды бензин өндіруде қолданылатын өнімдердің бірі. Яғни дәл осы өнімдер қосылған құн қалыптастырады.
Аз уақытта үлкен нәтижеге қол жеткізу үшін қолданыстағы зауыттардың қуаты артады. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты 6,7 млн, Павлодар 9 млн, ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылдық өндірісті 12 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ. Мамандар: «Өндіріске қарай, өңдеу, әсіресе терең өңдеу көрсеткішін еселеу қажет» дейді.
Сәбит Мұхан, ҚР ЭМ Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы:
- Иә, кешенді шаралар қабылданды. Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртамыз. Бұған қоса жылына 10 млн тонна өнім өндіруге қауқарлы жаңа төртінші мұнай өңдеу зауытын саламыз. Ол да мұнай өнімдерін, соның ішінде авиаотын өндірісін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша ішкі және сыртқы нарықты қатар қамту көзделеді.
Қазір орақ науқаны қызған шақ. Құзырлы министрлік «елде дизель отынына тапшылық жоқ» дейді. Яғни шаруалар отыннан тарықпайды. Биылға 401,1 мың тоннасы жоспарланған. Оның 150 мыңы тамызда, 122,7 мыңы қыркүйекте, қалғаны қазан айында жеткізілуі керек. Дизель отынының басым бөлігі Ақмола мен Қостанай облысына, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Павлодар және Абай облыстарына жөнелтіліп жатыр. Еске салайын, бірінші шілдеден бері елде бензин және дизель экспортына тыйым салынды. Осылайша ішкі нарықты қамту жоспарланған.
Тегтер #мұнай өңдеу #экспорт #шикізат #бензин #дизель #керосин #зауыт #мұнай өңдеу зауыты #Таңдаулы #бұл нарықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz