Қазақстан экономикасы 2027–2029 жылдары жылына орта есеппен 5 пайыздан жоғары өседі деп болжанып отыр. Бұл туралы Құрылтай отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Болжам әлемдік экономикадағы ахуал мен сыртқы нарықтардағы жағдайды ескере отырып әзірленген. Халықаралық валюта қорының шілде айында жаңартылған болжамына сәйкес, 2027 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,4 пайыз болады.
Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда. Базалық нұсқаға сәйкес 2027–2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5 пайыздан жоғары деңгейде болжануда, – деді Азамат Әмрин.
Болжам бойынша, Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі.
Экономикалық өсімге өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары негізгі үлес қосады. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінен жоғары болады деп күтілуде. Металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия және тамақ өнеркәсібі өсімнің негізгі бағыттары ретінде белгіленген.
Ауыл шаруашылығында жыл сайынғы орташа өсім кемінде 5 пайыз болады деп болжануда.
Құрылыс саласында да жоғары қарқын сақталмақ. 2027 жылы өсім 16 пайыз болса, 2029 жылға қарай 17,3 пайызға жетеді деп күтіледі.
Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететін болады, – деді бірінші вице-министр.
Қызмет көрсету саласы да өседі
Қызмет көрсету секторында тұрақты өсім сақталады. Болжамға сәйкес, сауда орта есеппен жылына 5,7 пайызға, көлік және қоймалау 10,4 пайызға, ақпарат және байланыс 9,2 пайызға өседі.
Қазақстанның сыртқы саудасында оң баланс сақталады. Тауарлар экспорты 2027 жылғы 82,8 млрд доллардан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін өседі. Импорт көлемі осы кезеңде 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін ұлғаяды.
Әлемдік нарықтағы мұнай бағасына қатысты болжам да қайта қаралған. Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған болжамдарын төмендетіп, ортақ консенсус бағасын барреліне 70,3 долларға дейін түсірген.
Осыған байланысты Қазақстанның базалық сценарийінде мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде есепке алынған.
Инфляция 6–9,5 пайыз аралығында болжанады
2027 жылы инфляция 7,5–9,5 пайыз деңгейінде болады деп болжануда. 2028–2029 жылдары оның дәлізі 6–8 пайыз аралығында белгіленген.
Консенсус-болжам барреліне 70,3 АҚШ долларына дейін төмендетілді. Осыны ескере отырып, базалық нұсқада мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды, – деді Азамат Әмрин.
Осылайша, 2027–2029 жылдарға арналған болжамда Қазақстан экономикасының негізгі өсім көздері ретінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салалары қарастырылып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #бюджет #Ұлттық экономика министрлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz