RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Отандық өндірушілер үшін тауарларды тіркеудің жаңа талабы енгізіледі

18.09.2026, 10:59 53

Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің жұмысы жаңа талаптармен толықпақ. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Қазақстандық тауар өндірушілер Тізілімі» (e-ondiris.gov.kz) ақпараттық жүйесінің функционалы жаңартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Енді тізімге өнім қосу үшін кәсіпкерлерге міндетті түрде Ұлттық тауарлар каталогының (nct.gov.kz) көмегіне жүгінуге тура келеді.

Министрлік мамандарының түсіндіруінше, алдағы уақытта ҚТӨ тізіліміне енгізілетін әрбір тауар Ұлттық тауарлар каталогында (ҰТК) алдын ала тіркеліп, бірегей NTIN кодына ие болуы шарт. Бұл қадам нарықтағы өнімдер туралы деректерді біріздендіруге, әсіресе тауар атауларындағы түрлі қайталанулар мен қателіктерді түбегейлі жоюға бағытталған.

Бұл өзгеріс мемлекеттік ақпараттық жүйелерде тауарларды сәйкестендірудің бірыңғай тәсілін қалыптастырып, сатып алу процестерінің ашықтығын арттырады.

Кәсіпкерлер не істеуі тиіс?

·  Алдымен өндіріліп жатқан тауарлардың Ұлттық тауарлар каталогында бар-жоғын қарап шығу керек.

·  Егер қажетті позиция табылмаса, тауарды ҰТК арқылы тегін тіркеп, арнайы NTIN кодын алу қажет.

·  Каталогтағы мәліметтердің ҚТӨ Тізіліміне енгізілетін немесе бұрыннан бар өнімдердің сипаттамасына толық сай келетінін бақылау маңызды.

Бұл не үшін қажет?

Ведомство бұл реформаның кездейсоқ еместігін айтады. ҚТӨ тізілімін Ұлттық тауарлар каталогымен байланыстыру – елімізде тауарлардың жүріс-тұрысы мен қадағалануын қамтамасыз ететін біртұтас цифрлық экожүйе құру жұмыстарының маңызды бөлігі.

Бірыңғай NTIN сәйкестендіру кодын енгізу Тізілімдегі мәліметтердің шынайылығын күшейтіп қана қоймай, қазақстандық өнімдерді басқа да мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және электронды сатып алу алаңдарымен тиімді интеграциялауға жол ашады.

Еске салайық, аталмыш өзгерістер Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына енгізілген түзетулер аясында жүзеге асырылып жатыр. Министрлік отандық бизнес өкілдерін уақыт жоғалтпай, өз өнімдерінің каталогтағы мәртебесін тексеріп шығуға шақырады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz