Елімізде құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру шаралары күшейтіледі. Құрылыс барысында елеулі заңбұзушылықтар анықталса, мердігерлер компанияларды рұқсат беру құжаттарынан айыруға дейінгі қатаң шаралар қолданылады. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Жиында министр әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Сала экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала беретіндіктен, әрбір объектіде сапа қатаң сақталуы тиіс.
Бүгінде Кодексте кемінде бес жыл мерзімге кепілдік міндеттемелері көзделген, ал көтергіш конструкциялар, шатыр және қасбет үшін – кемінде он жыл. Сонымен қатар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы күшейтілді. Міндет – тексерулер санын көбейту емес, ең алдымен бұзушылықтардың алдын алу. Елеулі бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары – құрылысты тоқтатудан бастап рұқсат беру құжаттарынан айыруға дейінгі шаралар қолданылады, - деді Ерсайын Нағаспаев.
Жиында аумақтарды кешенді дамыту мен саланы цифрландыру мәселелері де сөз болды. Жыл басынан бері жоспарлау, жобалау және құрылыс үдерістерін BIM технологиясын қолдана отырып бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай құрылыс порталы жұмыс істейді. Бүгінде салада 352 мыңнан астам инженерлік-техникалық қызметкер мен 32 мыңға жуық сарапшы еңбек етіп жатыр. Кодексте оларды сертификаттауға көшу қарастырылған, бұл мамандардың жеке кәсіби жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар Министрлік Астана урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерде кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде. Әкімдіктер ғимараттардың қасбеттерін жаңартуды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды және елді мекендердің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруды көздейтін 2026-2027 жылдарға арналған жол карталарын бекітті. Осы мақсатта Құрылыс кодексіне міндетті дизайн-код енгізілді.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру жұмыстары материалдар мен жұмыс сапасы, аумақтарды кешенді дамыту және құрылыс үдерісіне қатысушылардың кәсіби жауапкершілігі сынды өзара байланысты үш қағидатқа негізделеді.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz