Елде жұмысшы маман жетіспей жатыр.
Жыл басынан бері электронды еңбек биржасында 845 мың бос орын жарияланған. Оның басым бөлігі өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Өндіріс орындары қызметкер таппай, амалсыз шетелдік азаматтарды жалдауға мәжбүр.
Жыл сайын Қазақстанға 300 мыңға жуық мигрант келіп, еңбек етеді. Олар ел ішінде еленбеген түрлі саладағы бос жұмыс орындарына орналасады.
Дәл қазір өнеркәсіп және құрылыс салаларына 36 мың, өңдеу өнеркәсібіне – 14 мың, агроөнеркәсіп кешеніне 73 мыңға жуық маман жетіспейді.
Қазақ жастары мұндай еңбекке жегілуге құлықсыз. Оның орнына такси не курьер болуды құптайды дейді мамандар.
Бос жұмыс орындары
Өнеркәсіп және құрылыс – 36 мың
Өңдеу өнеркәсібі – 14,4 мың
Агроөнеркәсіп кешені – 73 мың
Дильбара Халесова, HR-менеджер:
- Менің ойымша, мәселе жастардың өзінде. Олар мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мысалы, курьер болып, такси жүргізіп жүрген жастар бар. Олардың білімі бар. Университетті бітіргеннен кейін тәжірибесі жоқ жас маманға кез келген жұмыс беруші жоғары жалақы ұсына алмайтыны түсінікті. Өйткені барлық жерде тәжірибе қажет. Бірақ жастар жұмысқа орналасудан қорықпауы керек.
Бірақ ешкім жұмсақ орынды жатырқамайтыны түсінікті. Сондықтан бұл сауал да көп қырлы. Кей сарапшы маман даярлау жүйесінде де кінәрат бар екенін айтады. Колледждерге өндірістік оқыту шеберлері мен оқытушылар жетіспейді. Салдарынан мамандығын толық меңгеріп шыға алмайды. Осыған байланысты Үкімет кадр даярлау жүйесін жаңғыртып, білім бағдарламаларын жаңартпақ. Биыл жұмысшы мамандарын даярлауға 60 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржы жыл сайын ұлғая береді. Ал оқу орындарынан нақты нарыққа керек мамандарды әзірлеу талап етіледі.
Омарбек Тілеубаев, қалалық кәсіби-техникалық колледжі директорының орынбасары:
- Кейбір мамандық біртіндеп жойылып жатыр. Мысалы, қазір өндірісте токарьдың керегі шамалы. Оның орнына автоматтандырылған бағдарламамен басқарылатын станоктар қолданылады. Сондықтан біз жаңа «Цифрлық техника» мамандығын ашуды жоспарлап отырмыз. Онда жасанды интеллектіні пайдалана отырып, білім беру бағдарламасы әзірленеді. Сонымен қатар электромобильдерге қызмет көрсетуге көбірек көңіл бөліп жатырмыз.
Қазір Қазақстанда жұмыс күшінің саны 10 миллионға жуық. Соның 9 жарым миллионы еңбекпен қамтылған. Яғни 96 пайызының тұрақты табысы бар. Енді елде өндіріс өркендеп келеді. Ал өнеркәсіп айналасында білікті мамандардың керегі айтпаса да түсінікті. Жауаптылардың айтуынша, 2035 жылға дейін темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын азаматтарға сұраныс 3 миллионға жуықтайды. Әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT саласының мамандары еңбек нарығында аса қажет кадрлардың қатарында болады.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Ең сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылуда. Бұл инженерия, құрылыс, өндеуші өнеркәсіп, биотехнология, жасыл энергетика, ядерлық энергетика. Сонымен қатар технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын жедел өзгертіп жатыр. Кейбір мамандықтар жойылады, кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады және қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады.
Қазір елде 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. Олардың басым бөлігі 138 мың адам дуальды оқытумен қамтылған. Яғни маман оқытуға кәсіпорындар тікелей араласа бастады. Грант көлемі ұлғайып, саны артты. Ал бұл мәселені қаншалықты шешеді? Бұл сұрақ уақыт еншісінде.
Колледж − 763
Студент − 556 мың
Дуальды оқыту − 138 мың
Тегтер #Елімізде #жұмысшы мамандар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz