RU
Толық нұсқаға өту
фото: gov.kz

Қазақстанда киім-кешекке міндетті таңбалау енгізіледі

25.09.2026, 10:34 52

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау 2026 жылғы 1 желтоқсаннан басталады. Жаңа талаптар өндірушілерге, импорттаушыларға, көтерме және бөлшек сауда өкілдеріне қатысты болады, деп хабарлайды 24KZ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және олардың қозғалысын қадағалау қағидалары бекітілді. Құжатта өнімді тіркеу, оған бірегей код беру және тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылау тәртібі белгіленген.

Қағидалардың негізгі ережелері 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді. Ал міндетті таңбалау 1 желтоқсанда басталады. Бұл талап ЕАЭО аясындағы тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісім негізінде енгізіліп отыр. Қазақстан бұл келісімді 2019 жылғы 1 наурызда ратификациялаған.

Бірінші кезең 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталады.

Бұл уақытта табиғи немесе композициялық былғарыдан жасалған киімдер мен керек-жарақтар, жасанды тері және одан жасалған бұйымдар, ерлер, әйелдер және балалар киімдерінің жекелеген түрлері, шаңғы костюмдері, сондай-ақ төсек-орын, асхана, дәретхана және асүйге арналған бұйымдар таңбаланады.

2027 жылғы 1 наурыздан бастап таңбаланатын тауарлар тізімі кеңейеді.

Оған сырт киімнің жекелеген түрлері, блузкалар, жемпірлер, пуловерлер, кардигандар мен кеудешелер, ерлер жейдесі, әйелдер блузалары, шәлі, шарф, галстук және басқа да өнімдер қосылады.

Үшінші кезең 2027 жылғы 1 қазанда басталады.

Бұл кезеңде ерлер, әйелдер және балалар киімдерінің қосымша санаттары қамтылады. Атап айтқанда, костюмдер, пиджактар, жакеттер, көйлектер, белдемшелер, шалбарлар, комбинезондар, спорттық костюмдер және трикотаж жейделер таңбаланатын болады.

Жүйенің негізі — әр таңбаланатын тауарға түсірілетін бірегей екі өлшемді Data Matrix коды. Өнім туралы ақпарат Бірыңғай тауарларды таңбалау және олардың қозғалысын қадағалау жүйесінде тіркеледі. Осы арқылы тауарды сәйкестендіріп, оның өндірушіден немесе импорттаушыдан сатылымға дейінгі қозғалысын бақылауға болады.

Тұтынушылар тауар туралы ақпаратты тегін Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тексере алады. Ол үшін киімдегі кодты смартфонмен сканерлеу жеткілікті. Осылайша өнім туралы мәлімет алып, оның таңбалау жүйесінде тіркелген-тіркелмегенін анықтауға болады.

Жаңа талаптар бизнеске де қатысты. Өндірушілер тауарды келесі нарық қатысушысына бермес бұрын оған тиісті кодты жапсыруы керек. Импорттаушылар өнімді Қазақстанға әкелгенге дейін немесе оны ішкі тұтыну үшін шығару және кері импорт кедендік рәсімдеріне орналастырғанға дейін таңбалауды қамтамасыз етуге тиіс.

Бөлшек сауда орындары таңбаланған өнімді Data Matrix кодтарын оқитын сканері бар бақылау-касса машинасы арқылы сатуы қажет.

Жүйені енгізудің негізгі мақсаттарының бірі — заңсыз айналым мен контрафактілік өнімнің таралуын азайту. Тауардың цифрлық ізі нарықтағы ашықтықты арттырып, адал өндірушілер мен сатушылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

Тауарлардың толық қозғалысын қадағалау 2027 жылғы 1 қазаннан бастап міндетті болады. Ал қолда бар тауар қалдықтарын 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін таңбалау қажет. Бұл бизнеске қоймадағы өнімдерді жаңа талаптарға сәйкестендіруге қосымша уақыт береді.

Осылайша, жаңа жүйе өндіріс, импорт, көтерме және бөлшек сауданы бірыңғай цифрлық тізбекке біріктіреді. Ал тұтынушылар таңбаланған киімнің жүйеде тіркелгенін сатып алар алдында смартфон арқылы тексере алады.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz