RU
Толық нұсқаға өту

Солтүстік Қазақстан облысында астықтың 80% қамбаға құйылды

25.09.2026, 20:44 70

Солтүстік Қазақстан облысында дәнді дақылдардың 80 пайызы жиналып, қамбаға құйылды.

Биыл өңір диқандары  4,5 млн гектар алқапқа егін салды, деп хабарлайды 24KZ. Мамандардың айтуынша, бидайдың сапасы жылдағыдан төмендеп кеткен. Себебі көктем мен жазда жауын-шашын мол түсіп, ылғал көп болды. Шаруалар егістікті сақтап қалу үшін тиімді технологияларды қолданып жатыр. Мемлекет тарапынан да қолдау болды, дейді диқандар.

Аснурия Абдулла, тілші:

- Солтүстікте күн райы өте қолайлы болып тұр. Механизаторлар таңнан кешке дейін бел жазбай еңбек етіп жатыр. Басты мақсат - өнімді шашау шығармай жинап алып, уақытылы қамбаға құю. 

Механизатор Михаил Кудренко 22 жылдан бері егін шаруашылығында еңбек етеді. Айтуынша, тұқым неғұрлым сапалы болса, өнімнің де түсімі жақсы болады. Дегенмен, күн райының жиі құбылуы кейде қиындық тудырады. Диқандар қазіргі жаймашуақ күндерді тиімді пайдаланып, егін ору науқанын дер кезінде аяқтауға күш салып жатыр. 

Михаил Кудренко, "Медний" ЖШС механизаторы:

- Жаңбырдан кейін астық та, жер де дымқыл. Комбайнға жұмыс істеу қиын. Алқапқа КаМАЗ-дар да кіре алмай жатыр. Жаңбырдан кейін жұмысымыз 4 күнге тоқтап қалды. Күннің көзі шыға салысымен міне іске кірістік. Өнімді құрғақ күйінде жинап алуға тырысамыз. 

Шаруашылықтың егіс алқабы 2400 гектардан асады. Оның жартысына бидай еккен. Ал қалғанына рапс пен зығыр дәнін септі. Қазір әр гектардан орташа есеппен 25 центнерден өнім түсіп жатыр. Тек ылғал мол болғандықтан, астықтың сапасы нашарлған. 

Руслан Асхабов, "Медний" ЖШС директоры:

- Бастапқыда алқаптан үшінші сұрыпты сапалы бидай жинаған едік. Ал. қазір орып жатқан астығымыз төртіншіге түсіп кетті. Алғашқы кезде бидайдың кілегейі 23-24 пайыз болса, қазір ол 21-22-ге төмендеді. 

Жылдағыдай мемлекеттің қолдауы диқандарға үлкен демеу болды. Егіс пен жиын-терім шығындарының бір бөлігі субсидияланады.

Руслан Асхабов, "Медний" ЖШС директоры:

- Мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен субсидия мен арзан отынды уақытылы алдық. Соның арқасында егіс науқанын да, жиын-терім жұмыстарын да уақытында бастадық. Барлық жұмысты ойдағыдай атқарып жатырмыз. 

Облыста астық қабылдайтын 44 элеватор бар. Олардың жалпы сыйымдылығы – 3,2 тонна. Элеваторлар үздіксіз астық қабылдап жатыр.

Динара Анафина, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір элеваторлардың 48 пайызға жуығы толып тұр. Бүгінгі күнге дейін барлығы 1,1 миллион тонна астық қабылданды. Оның 723 мыңнан астамы – бидай. Түскен өнімнің көбісі үшінші және төртінші сұрыптар. 

Биылғы егін жинау науқанына 61,5 мың тонна жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді. Өңір диқандары жиын-терімді уақытылы аяқтаймыз деп отыр.

Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz