RU
Толық нұсқаға өту
фото: depositphotos.com

Қазақстанда валюталық депозиттердің шекті мөлшерлемесі 2,5%-ға дейін өседі

28.09.2026, 11:32 58

Қазақстанда кейбір валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме 1 қазаннан бастап 2,5%-ға дейін көтеріледі. Өзгеріс мерзімі 12 айдан асатын жинақ салымдарына қатысты болады, деп хабарлайды 24KZ Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынына сілтеме жасап.

Қазір мұндай салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1% деңгейінде. 1 қазаннан бастап ол 2,5%-ға дейін көтеріледі. Жаңа мөлшерлеме осы күннен кейін ашылған немесе мерзімі ұзартылған депозиттерге қолданылады.

Шекті мөлшерлемелер – шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін анықтауға арналған жоғарғы шек. Бұл ретте банктер депозиттік өнімдер бойынша нақты сыйақы мөлшерлемесін өздері белгілейді, – деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.

Қалған валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме әзірге өзгермейді. Мерзімді және мерзімсіз салымдарға, сондай-ақ мерзімі 12 айға дейінгі жинақ депозиттеріне жылдық 1% мөлшерлеме сақталады.

ҚДКБҚ мәліметінше, мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен ырықтандыру депозит нарығындағы долларлану деңгейінің төмендеуіне байланысты қолға алынған. 2015 жылы валюталық депозиттердің үлесі 80% болса, 2026 жылғы 1 қыркүйекте бұл көрсеткіш 19,2%-ға дейін төмендеген.

Тиімді макроэкономикалық жағдай және жыл бойы теңгенің нығаю үрдісі Ұлттық банкке ҚДКБҚ-мен бірлесіп, валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеудің қолданыстағы тәсілдерін кезең-кезеңімен ырықтандыруға мүмкіндік берді, – деп атап өтті қор.

Бұл ретте жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКБҚ кепілдігінің ең жоғары мөлшері өзгермейді. Қор әрбір салымшының әр банктегі жинағын заңда белгіленген шектерде қорғайды.

Сыйақыны қоса есептегенде, теңгедегі жинақ салымдары бойынша 20 млн теңгеге дейін, теңгедегі басқа депозиттер, ағымдағы шоттар мен төлем карталары бойынша 10 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі, – деп нақтылады ҚДКБҚ.

Ал доллар, еуро және басқа да шетел валютасындағы депозиттер, шоттар мен карталар бойынша кепілдік мөлшері сыйақыны қоса есептегенде 5 млн теңгеге дейін.

ҚДКБҚ жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін банктер арасындағы бәсекелестікті ынталандыру, банк секторындағы жүйелік тәуекелдердің алдын алу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында реттейді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz