RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 28,47 трлн теңгеден асты

28.09.2026, 16:27 54

Қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының көлемі 28,47 трлн теңгеден асты. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 3,36 трлн теңгеге немесе 13,4%-ға өскен, деп хабарлайды «24KZ» БЖЗҚ мәліметіне сілтеме жасап.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақ көлемі 26,37 трлн теңгені құрады. Бір жылдағы өсім – 10,6%.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақ 746,13 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 5%-ға артқан. Ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақ көлемі 10,43 млрд теңге болды.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинақ 12 айда 2,5 есеге өсіп, 1,35 трлн теңгеге жуықтаған.

Қор мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 2,44 трлн теңге түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,9%-ға көп.

Осы кезеңде салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 1,2 трлн теңгеге жуықтады.

Төлемдер көлемі

2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында БЖЗҚ-дан төленген қаражат пен сақтандыру ұйымдарына аударымдардың жалпы көлемі 1,24 трлн теңгені құрады.

Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер көлемі 196,23 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем 39 008 теңге болды.
Ал тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 462,75 млрд теңгені құрады.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 19,01 млн бірлікке жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,13 млн шотқа немесе 6,3%-ға көп.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz