Түркістан облысында газ саласының үздік шеберлері анықталды.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес «Интергаз Орталық Азия» қызметкерлері арасында өткен республикалық «Үздік маман» байқауының финалдық кезеңі қорытындыланды. Сала мамандары екі күн бойы кәсіби білімін көрсетіп қана қоймай, қауіпсіздік ережелері мен заманауи технологияларды меңгерудегі шеберліктерін ортаға салды.
Газ тасымалдау саласының негізгі 14 мамандығы бойынша 98 қызметкер финалдық кезеңге жолдама алды. Іс-шара аясында өңірлердің үздіктері үшін арнайы оқыту сессиясы ұйымдастырылды. Қатысушылар жасанды интеллект технологияларын қолдану және заманауи цифрлық құралдарды меңгеру бойынша білім алып, біліктілігін жетілдірді.
Абзал Қисметов, "QazaqGaz" Ұлттық компаниясы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Қатысушылардың жылдан-жылға кәсіби шеберлігі өсуде. Оны сеніммен айта аламыз. Жаңа технологиялар келіп жатыр. Жасанды интеллект деп жатырмыз. Оны да енгізуге қазір жұмыстанып жатырмыз. Өндірістік оқулар бар. Сол оқу программасымен білім алады. Соның барлық нәтижесін осы шарада көрсетеді.
Финалдық кезеңде қатысушылардың теориялық білімі өндірістік тәжірибеде сыналды. Жұмыс сапасы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау талаптары тексерілді. Сондай-ақ, оқыс жағдайда шешім қабылдау қабілеті мен алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары бағаланды. «Технологиялық компрессорлар машинисі» аталымында Жағалбайлы Әлібеков бірінші орын иеленді.
Жағалбайлы Әлібеков, "Интергаз Орталық Азия" АҚ "Ақтау" магистральды газ құбырлары басқармасының машинисі:
- Басшылық бізге талап қойғаннан бөлек, бізге өздері жетекші болды, өздері қолдау білдірді. Бізге өз тәжірибелерін бөлісті. Арнайы осы жарысқа дайындады. Сол дайындықтың нәтижесі деп білемін.
Байқау қорытындысы бойынша өзге аталымның үздіктеріне де «Құрмет каскасы» беріліп, қаржылай сый-сияпат жасалды.
Ал жалпы командалық есепте өңірлік Ақтау филиалы үздік атанды. Жеңімпаз командаға ауыспалы кубок салтанатты түрде табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі шара шеберлердің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға да зор үлес қосып келеді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #газ #байқау #QazaqGaz #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz