Экспорт ұлғайды. Астық көп.
Шетелден келіп жатқан жүк те, транзит ағыны да әлденеше артты қазір. Ал басты тасымлдаушы темір жолда бұрын да вагон жетіспейтін. Енді қалай болады?
Мамандардың айтуынша, алдағы үш-төрт жылда 14 мыңнан астам жүк вагоны қажет. Бұған отандық зауыттардың шамасы жете ме?
Темір жол жүк тасымалы үшін негізгі көлік құралы десек, вагонды өзімізде өндіру тіптен маңызды. Өйткені саланы импорт есебінен қамту экономикалық тұрғыда тиімсіз. Бүгінде Астана, Петропавл, Атырау, Екібастұз және Семей қалаларында арнайы зауыттар жұмыс істеп тұр. Былтыр онда 100-ден астам локомотив пен 3 мыңға жуық жүк вагоны шығарылған. Ал құрамдас бөлшектерін қоса алғанда, 734 млрд теңгеге тауар өндірілген. Бұл алдыңғы жылдағыдан 22 пайызға көп.
Теміржол секторындағы өндіріс
2025 ж
114 локомотив
2 910 жүк вагоны
Барлық өнім ₸734 млрд
Көрсеткіш +22,5%
Бағжан Мейрамбек, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің бас сарапшысы:
- Қазіргі уақытта ішкі нарықта сұраныс өте үлкен. Осы сұраныстарды қамту мақсатында 2030 жылға дейінгі жоспар бойынша 270 локомотив, 14 мыңнан астам жүк вагоны және 800-ге жуық жолаушылар вагонымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Кәсіпорындар озық технологияны қолданып, өндірістік мүмкіндігін кеңейте бастады. Астанадағы локомотив құрастыру зауыты дизель отынын аз тұтынатын локомотив шығарып жатыр. Компания ішкі нарықпен қатар іргелес елдерге тауар жөнелтеді.
Рауан Донсебаев, локомотив құрастыру зауытының әкімшілік басшысы:
- Біздің зауытта 530-дан астам адам жұмыс істейді. Бұл 700-інші локоматив жыл аяғына дейін Қазақстан темір жолы компаниясына ұсынамыз. Жыл сайын біз өзіміздің локализацияны үлкейтіп жатырмыз.
Ал Атыраудағы жаңа зауыт вагон мен цистерна шығарады. Дәл сол инвестор қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнын да салуға кірісіп кетті. Петропавлдағы кәсіпорын жаңғырту жобасын жүзеге асырып жатыр. Астанада былтыр жолаушылар вагонын құрастыратын зауыт іске қосылды. Сондай-ақ Шу мен Арыста локомотивтерге қызмет көрсететін сервистік орталықтар ашылды.
Бағжан Мейрамбек, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің бас сарапшысы:
- Екібастұз қаласында Railcast Systems құны 73 млрд теңгені құрайтын ірі жобаны іске асыруда. Біздің өндірушілердің локализациялау деңгейі 35-40 пайыз арасын қамтып отыр. Осыны біз 60 пайызға дейін жеткізу құйма вагондар шығарудың артуымен теңестіруге болады деп жоспарлап отырмыз.
Отандық зауыттар құрастырған локомотив пен вагонға шетелден сұраныс жоғары. Әсіресе ТМД елдері мен Моңғолия тұрақты тұтынушыға айналды. Алайда қазір ішкі нарыққа басымдық беріліп отыр. Соған сәйкес биыл қаңтар-мамыр аралығында экспорт көлемі 123 миллионнан 107 миллион долларға азайды.
Авторы: Еркебұлан Смадияров
Тегтер #Елімізде #вагон #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz