RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандықтарды қазанда қандай өзгерістер күтіп тұр? 

01.10.2026, 09:45 60

Қазан айында Қазақстанда несие рәсімдеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, валюталық депозиттер, қаржы ұйымдарының жұмысы мен мүлік салығына қатысты бірқатар жаңа талап күшіне енеді, деп хабарлайды «24KZ».

Онлайн несие рәсімдеу кезінде қосымша тексеру енгізіледі

1 қазаннан бастап банктер интернет арқылы кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдейтін жеке тұлғаларға арнайы сауалнама жүргізеді. Оның мақсаты – азаматтың алаяқтардың ықпалымен немесе үшінші тұлғаның қысымымен қарыз алып жатқанын ертерек анықтау.

Егер жауаптардан күмәнді белгілер байқалса, банк қосымша тексеру жүргізеді. Қаржы ұйымы клиентпен қайта байланысып, оның ниетін нақтылауы, биометриялық сәйкестендіруді және телефон нөмірінің қарыз алушыға тиесілі екенін тексеруді қолдануы мүмкін. Тәуекел расталса, несие беруден бас тартуға немесе операцияны тоқтатуға негіз пайда болады.

Ұқсас талаптар микроқаржы ұйымдарына да енгізіледі. Яғни онлайн микрокредит рәсімдеген кезде де клиенттің шешімді өз еркімен қабылдап отырғанына қосымша назар аударылады.

Қайта қаржыландыру кезінде ақша қарыз алушының қолына берілмейді

Сыртқы қайта қаржыландыру тәртібі де нақтыланады. Егер азамат бір банктегі немесе микроқаржы ұйымындағы қарызын басқа банктің несиесі арқылы жапса, жаңа кредитор қарыз алушының келісімімен қаражатты тікелей бұрынғы банкке немесе микроқаржы ұйымына аударады.

Бұл талап қайта қаржыландыруға алынған ақшаның басқа мақсатқа жұмсалуын азайтуға бағытталған.

Қаржы ұйымдары клиентке өнімді анық түсіндіруге міндеттеледі

12 қазаннан бастап банктерге, сақтандыру және микроқаржы ұйымдарына, брокерлерге және қаржы нарығының басқа қатысушыларына қаржы өнімдерін басқару бойынша бірыңғай талаптар енгізіледі.

Ұйымдар өнімді әзірлеген кезден бастап оның кімге арналғанын, тәуекелін, құнын және клиенттің қажеттілігіне сәйкестігін бағалауы керек.

Жарнамада өнімнің негізгі шарттары, құны мен тәуекелдері толық әрі түсінікті берілуі тиіс. Маңызды талаптарды жасыруға, клиентке қосымша қызметті күштеп таңуға немесе келісім жолағын алдын ала белгілеп қою арқылы келісім алуға тыйым салынады.

Жұмыс іздеу мерзімі 13 күнге дейін ұзартылады

1 қазаннан бастап жұмыспен қамту қызметін жетілдіруге арналған пилоттық кезең басталады. Жұмыссыз ретінде тіркелуге өтініш берген адамға лайықты жұмыс іздеу мерзімі бұрынғы екі күннің орнына 13 күнге дейін ұзартылады.

Осы уақыт ішінде Мансап орталығы азаматтың біліміне, еңбек өтіліне, кәсіби дағдысы мен бұрынғы жұмыс тәжірибесіне сәйкес бос орындарды ұсынуы тиіс.

Мақсат – адамға тек жұмыссыз мәртебесін берумен шектелмей, оны нақты жұмысқа орналастыру мүмкіндігін арттыру.

Жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлем 1 қазаннан қысқармайды

Бұл мәселе бойынша ақпарат құралдарында қарама-қайшы деректер тарады. Кейбір жарияланымдарда 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем ең көбі үш ай ғана төленетіні айтылды.

Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің орталық аппараты кейінірек нақтылағандай, 1 қазан – жұмыспен қамту қызметіндегі пилоттық кезеңнің басталатын күні.

Жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем мерзімін өзгертуге қатысты заңнамалық норма 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Сондықтан 1 қазаннан төлем мерзімі автоматты түрде қысқарады деу дұрыс емес.

Мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады

Қазақстанда жеке тұлғалардың 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 қазанда аяқталады. Салықты 1 қазанды қоса алғанда төлеуге болады.

Салық тұрғын үй, пәтер, саяжай, гараж, автотұрақ және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарының иелеріне қатысты. Оның сомасын банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, сол жерден төлеуге болады.

2 қазаннан бастап салық бойынша берешегі бар азаматтарға хабарламалар жіберіледі. Берешек уақытында өтелмеген жағдайда заңнамада көзделген өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.

Сондықтан салық туралы хабарлама келген жағдайда көрсетілген соманы есептелген салық мөлшерімен және төлем құжаттарымен салыстырып тексерген жөн.

Валюталық депозиттердің шекті мөлшерлемесі өседі

1 қазаннан бастап 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын валюталық жинақ депозиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі өзгереді.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, шекті мөлшерлеме жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі.

Жаңа талап 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын депозиттерге қолданылады. Бұған дейін ашылған салымдар бұрынғы шарттар бойынша сақталады.

Шекті мөлшерлемені толық көлемде белгілеу банктер үшін міндетті емес. Әр банк өз депозиттері бойынша нақты сыйақы мөлшерлемесін дербес айқындайды.

Алматыда су тарифі өзгереді

1 қазаннан бастап Алматыда сумен жабдықтау және су бұру тарифтері өзгереді. Тұрғындар үшін ҚҚС-ты қоса есептегенде бір текше метр ауыз судың тарифі 178,06 теңге, ал су бұру қызметінің тарифі 119,46 теңге болады.

Бизнес субъектілері үшін:

* су – 362,18 теңге;
* су бұру – 264,75 теңге.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар үшін:

* су – 649,60 теңге;
* су бұру – 189,14 теңге.

Су есептегіші жоқ тұрғындар үшін төлем белгіленген тұтыну нормасы бойынша есептеледі.

Бақша, көгал, гүлзар мен ағаштарды суару үшін ай сайын бір сотыққа 1780,60 теңге тариф белгіленген. Суару маусымы 15 сәуірден 15 қазанға дейін жалғасады.

Өңірлерде жылу беру маусымы басталады

Қазан айында еліміздің бірқатар өңірінде жылу беру маусымы кезең-кезеңімен басталады.

Шығыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бастап тұрғын үйлерге, әкімшілік және өндірістік ғимараттарға жылу беру жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымы қыркүйектің соңында басталды. Қалған аудандар қазан айының басында жылу жүйесіне қосылады.

Астанада жылыту маусымының басталу күні ауа райына және жергілікті атқарушы органның шешіміне байланысты белгіленеді.

Республика күніне орай үш күн демалыс болады

25 қазан – Республика күні. 2026 жылы мереке жексенбіге түсетіндіктен, демалыс күні 26 қазанға, дүйсенбіге ауыстырылады.

Осылайша, бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 24, 25 және 26 қазанда қатарынан үш күн демалады.

Алты күндік жұмыс аптасында 24 қазан – жұмыс күні, ал 25 және 26 қазан – демалыс күндері.

Оқушылар күзгі демалысқа шығады

Қазан айында мектеп оқушылары бірінші тоқсанды аяқтап, күзгі демалысқа шығады.

2026–2027 оқу жылындағы күзгі каникул 26 қазаннан 1 қарашаны қоса алғанға дейін жалғасады. Оқушылар барлығы жеті күн демалады.

«24KZ» Telegram арнасына жазылыңыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz