Былтыр Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналым 1,2 млрд долларға жетті.
Осы жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 723 млн долларды көрсетті. Қазақ-беларусь әріптестігі аясында 200 млн доллардан астам сомаға 13 бірлескен жоба жүзеге асырылған. Бүгінде ел аумағында "Беларусь" тракторлары, "Гомсельмаш" комбайндары құрастырыла бастады. Сондай-ақ оған қажетті бөлшектер өндірісі де жолға қойылған. Өндірісті өрістетуге бағытталған бастамаларды біздің тарап одан әрі кеңейтуге мүдделі. Бұл туралы үкімет басшысының Минскіге жасаған ресми сапарында белгілі болды. Кездесуде өзара сауданы ұлғайту және жеткізілетін өнім түрін кеңейту жайы талқыланды. Мұнымен қоса қазақстандық цифрлық шешімдерді экспорттау мәселелері көтерілді. Туристік, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылға да назар аударылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Беларусь-Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес. Бізді ұзақ жылғы ортақ тарихымыз, өзара құрмет, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Григорьевич Лукашенконың арасындағы үлкен сенім мен тұрақты байланыстарға негізделген қатынастарымыз байланыстырады. Біздің үкіметтеріміздің міндеті көшбасшыларымыз арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды қарқынды түрде жүзеге асыру. Бұл бағытта оң динамика бар. Статистикалық деректерге сәйкес, өткен жылы тауар айналымының өсімі 27,7%-ды, осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 20%-ды құрады. Өзара іс-қимылды одан әрі ұлғайта түсуге, жеткізілетін өнімдердің, оның ішінде теміржол машинасын жасау саласындағы тізбесін кеңейтуге тың мүмкіндіктер бар. Қазақстан Үкіметі Қазақстан мен Беларусь арасындағы көп жақты өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру және тереңдете түсу үшін белсенді жұмыс істеуге ниетті.
Тегтер #Қазақстан #Беларусь #тауар айналымы #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz