Қазақстанда халықты газбен қамту деңгейін 80%-ға жеткізу көзделіп отыр. Бұл үшін магистральдық газ құбырлары мен өңірлік желілер кеңейтіліп, газ ресурстық базасы дамытылады. Негізгі жобалар солтүстік, оңтүстік және орталық өңірлерді газбен қамтамасыз етуді күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды «24KZ» ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, газдандыруды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр.
Солардың бірі – «Ишим – Астана» магистральдық газ құбыры. Жоба солтүстік өңірлерді газдандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Оның іске асырылуы Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу көзделген. Жоба газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, оңтүстік және орталық өңірлердегі өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған.
КС-14 – Қостанай магистральдық газ құбыры да солтүстік өңірлерді газдандыруды кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба аясында Ақтөбе облысындағы КС-14 компрессорлық станциясынан Қостанай қаласына дейін газ құбырын салу және станция аумағында жаңа компрессорлық цех құрылысы жоспарланған.
Ал «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры Жетісу облысын газбен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берді. Ұзындығы шамамен 302 шақырым болатын жоба 2025 жылы пайдалануға берілді. Оның арқасында өңірдегі газдандырылатын елді мекендердің санын 84-ке дейін жеткізуге мүмкіндік туды.
Бұдан бөлек, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа да облыстарда жеткізуші және тарату газ желілерінің құрылысы жалғасады.
Министрліктің мәліметінше, магистральдық және өңірлік инфрақұрылымды дамыту газбен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жекелеген өңірлердің бір ғана газ көзіне немесе бағытқа тәуелділігін төмендетуге жол ашады.
Осы жобаларды кешенді түрде іске асыру Қазақстандағы газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізудің маңызды шарттарының бірі болмақ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ҚР Энергетика министрлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz