Әлемдік нарықта дизельдің қымбаттауы АҚШ-тың ішкі нарығына әсер етіп, жанармай бағасын шарықтатып жіберді. Бұл - бұрын-соңды болмаған дағдарыс.
Ақ үй егін жинайтын әрі қысқы жылу беру маусымы қарсаңында шабылды да қалды. Трамп дереу Еуропаға экспортты тежеуді бұйырған. Алайда тез райынан қайтты. Себебі АҚШ-тың қысымымен Германия, Франция және өзге де Еуропа елдері өздерінің стратегиялық қорынан дизель отынын әлемдік нарыққа шығаратын болып келісті.
Cөйтіп, 325 млн баррель мұнай айналымға енеді. Бұл - Халықаралық энергетика агенттігінің шешімі. Стратегиялық қордан бұдан бөлек тағы 75 млн қара алтын шығару көзделген. Алайда бұл қаншаға жетеді? Мәселе осымен шешіле ме?
Әдетте стратегиялық қордағы мұнай жан қысылғанда ғана шығарылады. Әлемдік энергетика нарығында қазіргі жағдай осы. Тығырақтан шығар жалғыз жол – қоймада сақталған қорды шығару. «Десе де оның өзі түйткілді түпкілікті шешпейді», - дейді сарапшылар. Тек нарықтағы бағаны уақытша тежеуі мүмкін. Алайда бұл қашанға дейін созылатыны белгісіз. Бұлай жалғаса берсе, артық мұнай қорының сарқылуы да ғажап емес. Бұл жағдайды одан сайын ушықтырады. Ал Ормуз бұғазындағы тасымалдың қайта қалпына келуі екіталай. Өйткені АҚШ пен Иранның келісімге келуі қиындап кетті.
Шикі мұнай жеткізудегі іркілістер дизель сияқты мұнай өнімдерінің нарығына қысым түсіреді. Дизель әлемдік экономика үшін стратегиялық маңызы бар отын. Ауыл шаруашылығы, құрылыс және өндіріс салаларында кеңінен қолданылады. Сондықтан отын бағасының өсуі қарапайым халыққа да әсер етеді. Отын қымбаттаса, жүк тасымалының шығыны артады. Сәйкесінше азық-түлік пен басқа да тауарлардың өзіндік құны өсуі мүмкін. Қазір нарықтағы тағы бір мәселе – Ресей, Қытай сынды ірі экспорттаушылардан келетін өнімнің азаюы. Соның салдарынан импортқа тәуелді елдер балама жолдар қарастырады.
Осы тұста АҚШ басымдыққа ие. Себебі Америка - әлемдегі ең ірі дизель өндіруші әрі экспорттаушы мемлекеттердің бірі. АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының дерегіне сүйенсек, Америкадағы мұнай өңдеу зауыттары тәулігіне шамамен 4-5 млн баррель дизель отынын өндіреді. Оның 3,6 млн баррелін АҚШ өзі тұтынады. Ал қалған 1,2-1,5 млн баррель күн сайын экспортқа шығарады. Сондықтан Вашингтонның әрбір шешімі Еуропаға ғана емес, жаһандық нарыққа да әсер етеді. Әсіресе Ресей мен Таяу Шығыстан келетін шикізат азайған кезде америкалық отын Еуропа үшін негізгі баламалардың біріне айналып отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметі бойынша биыл АҚШ экспортының артуы әлемдік нарықтағы тапшылықты белгілі бір деңгейде өтеуге көмектескен. Шілдеде экспорт көлемі былтырғыдан тәулігіне 700 мың баррельге ұлғайды. Ал Ресей, Таяу Шығыс және Азиядан келетін өнім керісінше тәулігіне 1,3 млн баррельге азайды.
АҚШ президенті Дональд Трамп әуелде Еуропаны өз стратегиялық қорындағы дизельді нарыққа шығаруға шақырды. Тіпті Еуропа қажетті шараларды қабылдамаса, экспортқа шектеу қоямын деп қорқытты. Кейін Ақ үй бұл жоспардан бас тартты. Яғни АҚШ Еуропаға дизель жеткізуді жалғастырады. Бұл Еуропа үшін маңызды. Өйткені америкалық экспорттың сақталуы нарықтағы ұсынысты ұстап тұруға септеседі. Ал АҚШ экспортты тежесе, тапшылық күшейіп, дизель екі есе қымбаттайды.
Мұнай нарығындағы өзгерістер Еуропамен ғана шектелмейді. Тасымалдың үзілуі Орталық Азия елдерін де балама бағыт іздеуге мәжбүрлеп отыр. Соның бірі Тәжікстан. Бұл ел Ираннан мұнай мен мұнай өнімдерін импорттауды бастап кетті. Алғашқы теміржол цистерналары елге қыркүйек айының соңында жеткен. Осыған дейін Тәжікстан жанармай импортының 80 пайыздан астамын Ресейден алып келген еді. Геосаяси жағдай мен отын жеткізіілмеуі себепті Душанбе балама бағытты қарастыруға мәжбүр. Тәжікстан енді Ираннан жылына 2 млн тонна шикі мұнай, 300 мың тонна дизель, 150 мың тонна бензин және 100 мың тонна авиациялық отын алуды жоспарлап отыр. Барлығы 2,55 миллион тонна мұнай мен мұнай өнімі. Мұндай көлемді тасымалдау үшін шамамен 51 мың теміржол цистернасы қажет. Ал Тәжікстан мен Иранның ортақ шекарасы жоқ. Сондықтан мұнай теміржол және басқа да көлік бағыттары арқылы үшінші елдердің аумағымен жеткізіледі. Осыған байланысты Душанбе Иранның теміржол желісінде отын тасымалдайтын арнайы құрамдар құрып, «жасыл дәліз» жасауды ұсынған. Сонымен қатар Иранның Чабахар портында Тәжікстанға арналған логистикалық орталық құру жоспары да талқыланып жатыр.
Әлемдік энергетика нарығындағы дағдарыс мемлекеттерді тек стратегиялық қорларын ашуға емес, мұнай жеткізудің жаңа бағытын іздеуге де мәжбүрледі. Сөйтіп, Еуропа АҚШ пен өзге де экспорттаушыларға көбірек сенім артса, Тәжікстан Иран бағытын күшейтіп жатыр. Ал бұл Орталық Азия үшін де маңызды. Өйткені нарықтағы тұрақсыздық ұзаққа созылған сайын мұнайдың бағасы ғана емес, оның қайдан және қандай бағытпен келетіні де стратегиялық мәселеге айналды.
Тегтер #нарық #баррель #мұнай #Трамп #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz