Қуаңшылық, су тапшылығы және Еуропалық Одақтың шекаралық көміртек салығы (CBAM) қазақстандық компанияларды шығындарын азайтып, экспорттық нарықтарға қолжетімділігін сақтаудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүрлеп отыр, деп хабарлайды «24KZ».
Qazaq Expert Club сарапшысы, климаттық саясат және орнықты қаржыландыру саласының маманы Мадина Қазкеннің айтуынша, Қазақстанда климаттық шешімдерді дамытуға қаржы тартуға мүмкіндік бар: қаражатты венчурлік инвесторлардан немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы алуға болады.
Ендеше сұраныс пен қаржыландыру мүмкіндігі бола тұра, жасыл жобалар неге әлі де аз?
Негізгі көрсеткіштер
2025 жылы Қазақстанның венчурлік нарығы рекордтық өсім көрсетті. RISE Research деректеріне сәйкес, тартылған қаржы көлемі 71 млн доллардан 209 млн долларға дейін артса, стартаптардың жиынтық бағасы 2,16 млрд долларға жеткен. Алайда бұл өсімнің едәуір бөлігі бір ғана мәмілеге байланысты болды: қаржының жартысынан астамын Higgsfield компаниясы Series A раундында тартқан 130 млн доллар құрады.
Оны есепке алмағанда, инвестициялардың жартысына жуығы жасанды интеллект саласындағы стартаптарға бағытталған. Ал климаттық технологиялардың үлесі өте төмен. Өңірде қаржыландырылған стартаптардың саны да аз – миллион тұрғынға шаққанда небәрі 4,6 стартап.
Экология саласындағы мемлекеттік қаржыландыру да негізінен қалыптасқан, ауқымды жобаларға бағытталған. Мәселен, қалдықтарды басқару саласында «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемі есебінен жалпы сомасы шамамен 116 млрд теңгені құрайтын 30 инфрақұрылымдық жобаны қаржыландырды. Мұндай инвестициялар саланың дамуы үшін маңызды. Алайда табысы мен кепілзаты жоқ, бастапқы даму кезеңіндегі стартаптар үшін бұл құралдарға қол жеткізу іс жүзінде қиын.
Климаттық стартаптарға неге қиын?
Мұның бір себебі – әзірлеу және сынақтан өткізу мерзімінің ұзақтығы. Цифрлық өнімді бірнеше айдың ішінде іске қосып, сынақтан өткізуге болады. Ал климаттық стартапқа көбіне жабдық, сынақ және нақты нысанда пилоттық жоба қажет. Мұндай жұмыстарды егістікте, кәсіпорында немесе су арнасында жүргізуге тура келеді. Оған бірнеше жыл кетуі мүмкін. Ал венчурлік инвестор, әдетте, жобаның қысқа мерзімде қарқынды өсуіне мүдделі.
Екінші мәселе – тапсырыс берушілерге байланысты. Мұндай шешімдерді сатып алушылар қатарында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, өнеркәсіптік компаниялар, коммуналдық сектор және жергілікті атқарушы органдар бар. Олар жаңа технологияларды енгізуге сақтықпен қарайды және пилоттық жобаны өткізу үшін өз нысандарын ұсынуға әрдайым дайын емес.
Үшіншіден, стартап өз технологиясының нақты тиімділігін дәлелдеуі керек. Өнімнің экологиялық тұрғыдан пайдалы екенін айту жеткіліксіз. Технология тапсырыс берушіге қанша су, энергия немесе қаржы үнемдейтінін нақты көрсету қажет. Алайда пилоттық сынақсыз мұндай деректерді алу қиын.
Осылайша, тұйық шеңбер қалыптасады: қаржы мен клиент табу үшін сынақ нәтижелері қажет, ал сынақ жүргізу үшін қаржы мен нақты нысанға қолжетімділік керек.
Инвесторлар үшін де мұндай жобаларды бағалау оңай емес. Су, энергетика немесе қалдықтарды басқару салаларындағы технологиялармен жұмыс істеу үшін салалық сараптама қажет. Ал мұндай тәжірибе әзірге барлық инвестициялық қорларда бірдей қалыптаспаған.
Жасыл стартаптарды қолдау бағдарламалары жеткіліксіз
Қазақстанда стартаптарға арналған акселерациялық бағдарламалар аз емес. Алайда олардың басым бөлігі IT жобаларына бағытталған.
Таза технологиялар саласындағы мамандандырылған бастамалардың ішінде GCIP-Kazakhstan бағдарламасын атап өтуге болады. Үш жыл ішінде бағдарламаға 550-ден астам өтінім түсіп, су ресурстарын мониторингтеуден бастап көміртек жобаларына арналған цифрлық MRV жүйелеріне дейінгі түрлі шешімдерді ұсынған 100-ден астам команда акселерациядан өтті.
Алайда GCIP бағдарламасының ұлттық үш жылдық циклі 2025 жылғы желтоқсанда аяқталғаннан кейін акселерация мен алғашқы сатылымдар арасындағы алшақтық айқын байқала бастады.
Стартапқа пилоттық жобаны қаржыландырып, алғашқы тапсырыс берушіні табу қажет. Ал дәл осы кезеңдегі қолдау тетіктері әзірге жеткіліксіз.
Экожүйеге үш негізгі буын жетіспейді. Біріншісі – ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардағы пилоттық жобаларды өткізуге арналған алаңдар. Екіншісі – нәтижені күтуге дайын, стандартты венчурлік циклден ұзақ мерзімге есептелген «сабырлы» капитал. Үшіншісі – жоба өскен сайын грант, венчурлік инвестиция және жасыл несие бірін-бірі толықтырып, кезең-кезеңімен жалғасатын қаржыландыру жүйесі.
Тағы бір маңызды міндет – стартап негізін қалаушыларын дайындау.
Көптеген командалар өз технологиясының экологиялық пайдасын жақсы түсіндіреді. Бірақ инвестор үшін қаржылық тиімділік те маңызды: өнім бизнес үшін қандай мәселені шешеді, қанша қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді және оны қандай жолмен ауқымдауға болады?
Сынақтан алғашқы келісімшартқа дейін
Мен бұл бағыттың болашағы зор деп есептеймін. Қазақстанда қажетті мемлекеттік негіз қалыптасып келеді. 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясында трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі, ESG қағидаттарын кеңінен енгізу және жасыл инвестицияларды тарту мәселелері ескерілген.
Елімізде көміртек жобаларын іске асыруға арналған құқықтық тетіктер де қалыптасты. Сонымен қатар шығарындыларды мониторингтеу, есепке алу және верификациялау қызметтеріне сұраныс артып келеді.
Қазақстанға әлі де болса жекелеген бағдарламаларды толыққанды климаттық технологиялар экожүйесіне біріктіру қажет. Дегенмен бағыт айқын: стартаптардың қызығушылығы артып келеді, бизнестің нақты қажеттілігі қалыптасуда, ал мемлекет пен халықаралық серіктестер қолдаудың алғашқы тетіктерін жасап қойды.
Келесі қадам – жасыл стартап үшін идеядан пилоттық жобаға, алғашқы келісімшартқа және инвестиция тартуға дейінгі нақты әрі түсінікті жолды қалыптастыру.
Сонда жасыл стартаптар Қазақстанның климаттық және экономикалық міндеттерін шешудің нақты құралына айнала алады.
GCIP-Kazakhstan – Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымымен (ЮНИДО) бірлесіп, Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен жүзеге асырған Таза технологиялар саласындағы жаһандық инновациялар бағдарламасының (Global Cleantech Innovation Programme) ұлттық компоненті. Қазақстан Орталық Азияда бұл бағдарламаны ұлттық деңгейде іске асырған алғашқы ел болды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Қазақстан #жасыл стартап #климат #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz