Туризм саласы Алматы облысының бюджетіне қомақты табыс әкеліп отыр. 2026 жылдың сегіз айында туристер есебінен қазынаға 3,9 млрд теңге түсті, деп хабарлайды «24KZ».
2025 жылдың сәйекес кезеңімен салыстырғанда биылғы көрсеткіш 39,3%-ға артық болып отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың алғашқы алты айында бюджетке 2,8 млрд теңге түскен еді.
Салық түсімдерінің өсуі туристер санының көбеюіне және оларға көрсетілетін қызмет түрлерінің кеңеюіне байланысты. Мәселен, осы жылдың қаңтар-маусым айларында облыстағы қонақүйлер мен демалыс аймақтары 263 776 турист қабылдады. Осы кезеңде қонақтарға көрсетілген қызмет көлемі 8,34 млрд теңгеге жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңгені құраған. Осылайша, бір жыл ішінде қызмет көрсету көлемі 30,5%-ға өсті.
Туристер ағынының артқанына қарай қонақтарды қабылдайтын нысандар саны да көбейіп келеді. Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлының айтуынша, егер өткен жылы өңірде 285 туристерді орналастыру нысаны болса, биыл олардың саны 308-ге жеткен.
«Әрбір турист өңір экономикасына өз үлесін қосады. Ол қонақүйге тоқтайды, тамақтанады, көлікті пайдаланады, экскурсияларға барады, жергілікті базардан тауар сатып алады. Бұл, өз кезегінде, бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайтады. Осы жылдың алғашқы сегіз айында туризмнен бюджетке 3,9 млрд теңге түсті. Туризм өңірлік бюджетке табыс әкеліп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады, кәсіпкерлерге қосымша мүмкіндіктер сыйлайды. Сондықтан біз туристер санын арттырумен қатар, олардың өңірде ұзағырақ аялдауына және сапалы қызмет алуына жағдай жасауға баса мән береміз», – деп атап өтті Қуанышбек Мейрамбекұлы.
Алматы облысының көрікті жерлерін тамашалауға келетін шетелдік туристер қатары да күн санап артып келеді.
«eQonaq» жүйесінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірге 113 659 шетелдік саяхатшы келген.
Туристер арасында ең үлкен сұранысқа ие орындар — «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктері. Осы жылдың сегіз айында аталған үш ұлттық паркті жалпы алғанда 1,92 млн турист аралаған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Алматы облысы #туризм #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz