RU
Толық нұсқаға өту

Шаруалар кешенді жоспар аясында 60 мың бас асыл тұқымды мал сатып алады

06.10.2026, 07:30 44

Шаруалар 4 жылда 60 мың бас асыл тұқымды мал сатып ала алады.

Бұған қажетті қаражат мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар аясында беріледі. Осы арқылы фермерлер ет пен сүттің көлемін ғана емес, сапасын да арттыра алады. Биылдың өзінде шетелден 7 мыңнан астам ірі қара жеткізілді.

Елде ет пен сүт өндірісі жылдан жылға артып келеді. Сандарды сөйлетейік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр 1,2 млн тонна ет сатылған. Алдыңғы жылдағыдан 2,7 пайызға өсіп отыр. Ал сүттің мөлшері 5 пайызға көбейіп, 3,8 млн тоннаға жетті. Шаруалар өнімнің саны ғана емес, сапасына да ерекше мән беруі керек. Бүгінде агроқұрылымдарда асыл тұқымды бір млнға жуық бас ірі қара мен 3,3 млн бас уақ мал бар. Олардың санын көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мал шаруашылығын дамытуға арналған 2030 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында 80 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражатқа шетелден 40 мың бас ірі қара мен 20 мың бас ұсақ мал сатып алынады.

Ет-сүт өндірісі

       2025 ж

1,2 млн тонна ет

Көрсеткіш +2,7%

3,8 млн тонна сүт

Көрсеткіш +5%

Асыл тұқымды мал

994 мың бас ірі қара                                           

3,3 млн бас ұсақ мал

2030 ж дейін сатып алынады

40 мың бас ірі қара

20 мың бас ұсақ мал

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- "Игілік", "Береке", "Жайлау" бағдарламасы. Ол жерде ірі қара малға, ұсақ малға несие беру басталды. Сосын қайта өңдеуге кірісеміз. Қайта өңдеу бүгін де жүріп жатыр ғой, бірақ одан да әрі жоғары деңгейде жасау керек. Терең өңдеуге кірісу керек. Осы жұмысты жасап, экспортты ұлғайту керек. Биыл экспорт 7 млрд АҚШ долларына жетті. Ол 3,5 трлн теңге.  

Биылдың өзінде шетелден 7 мыңнан астам бас ірі қара сатып алынды. Соның ішінде Түркістан, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының шаруалары Германия, Дания және Ресейден гольштейн тұқымды ірі қара алып келген. Ал Батыс Қазақстан облысындағы агроқұрылымға 150-ге жуық даттың қызыл сиыры жеткізілді.

Әзілхан Арыстанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Осыған дейін гольштейн әкелгенбіз. Енді мына сиырлар шағын, көзге үйренген. Сүтінің құрамы, майлылығы жақсы болады. 

Азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты бақылау үшін ветеринария қызметін жетілдіру маңызды. Бүгінде ауылдық жерлердегі мұндай пунктердің 60 пайызға жуығында дербес ғимарат жоқ. Материалдық-техникалық базаны нығайту мәселесі тағы бар. Министрлік алдағы 2 жылда бұл бағытқа 66 млрд теңге жұмсап, 1 300-ге жуық жаңа ветеринарлық пункт салады. 

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Малдың иелері уақытында малын тіркеуге қоюы керек. Онсыз болмайды. Мал бұзаулады ма, 7 күннен кейін құлағына белгісін ілу керек. Біз оның бәрін бақылауда ұстауымыз керек. Қашан қанын алу керек, қашан вакцина жасау керек, сонда мал ауруы тарамайды. 

Кешенді жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай ет өндірісін 1,8 млн тоннаға, сүт өндірісін 4,2 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Ал ет экспортын екі есеге арттырып, 165 мың тоннаға дейін жеткізу міндет.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz