Жасанды интеллект құрылыс жобаларына мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімін 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде 864 жоба жасанды интеллект көмегімен тексерілген. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрдің айтуынша, жасанды интеллектіні құрылыс саласына енгізу – өнеркәсіп пен құрылыс секторын цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде технология жобалық құжаттаманың толықтығын тексеруге қолданылады. Жыл соңына дейін құжаттарды, сызбаларды, инженерлік желілер мен сметаларды автоматты түрде тексеретін тағы үш модуль әзірленеді.
Құрылыс саласындағы цифрлық трансформацияның тағы бір бағыты – Building Information Model (BIM) технологиясын жаппай енгізу. Биыл 1 тамыздан бастап мектептер, әуежайлар, тоннельдер мен көпірлер сияқты бірқатар техникалық жағынан күрделі нысандарда BIM қолдану міндеттелді. 2028 жылға дейін техникалық жағынан күрделі нысандардың 100%-ында осы технологияны қолдану жоспарланып отыр.
Келесі бағыт – жасанды интеллектіні мемлекеттік сараптамаға енгізу. Бүгінде жасанды интеллект жобалық құжаттаманың толықтығын тексеру үшін қолданылады. Қазірде осындай тексеруден 864 жоба өтті. Мұндай тексеруге орта есеппен 6 минут қажет. Жалпы құжаттардың толықтығын тексеру мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқарды. Жыл соңына дейін тағы үш жасанды интеллект модулі әзірленеді. Олар құжаттарды, сызбаларды, инженерлік желілер мен сметаларды автоматты тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың барлық негізгі процестеріне жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр,– деді Ерсайын Нағаспаев.
Цифрлық технологиялар өнеркәсіп саласында да қолданылып жатыр. Соның бірі – кен байыту фабрикаларындағы цифрлық телнұсқалар. Олар кен құрамындағы пайдалы компоненттер мөлшерінің төмендеу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, KAZ Minerals-та бұл шешім мысты алу деңгейін 2%-ға, ал жалпы фабрика өнімділігін 7%-ға арттырды. 2028 жылға дейін digital twins технологиясын ірі кәсіпорындардың кемінде 60%-ына енгізу жоспарланып отыр.
Жасанды интеллект автомобиль өнеркәсібінде де өндірістің негізгі кезеңдеріне енгізілуде. Ол логистикадан бастап сапаны бақылауға дейін қолданылады. Нәтижесінде ақаулар саны 39%-ға азайған. Ал өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайлар 8 секунд ішінде анықталады. Сонымен қатар бір өндірістік желіде қайта баптауға тоқтамай, бірнеше брендтің модельдерін шығаруға мүмкіндік бар.
Өнеркәсіптік роботтандыру бағытында да қажетті инфрақұрылым қалыптасып келеді.
Мысалы, өнеркәсіптік роботтарды сынақтан өткізуге арналған базасы бар Farabi Robotics орталығы құрылып, автомобиль өнеркәсібімен практикалық жұмыстар жүргізілуде. Astana Hub базасында зерттеу және мамандарды даярлауға арналған робототехника алаңы жұмыс істейді. Келесі кезең – өнеркәсіптік сынақтан өткізу, оқыту және инжиниринг бағыттарын біріктіретін IFTC технологиялық полигонын құру,– деді министр.
Геология саласын цифрландырудың негізгі кезеңі де аяқталды. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, ашық қолжетімді болды. Мемлекеттік қызметтер цифрландырылып, Бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталы арқылы көрсетіледі.
Аукциондарды цифрлық форматқа көшіру және геологиялық ақпараттың қолжетімділігі нәтижесінде аукциондардан түсетін кіріс 7 есеге өсті. Ендігі міндет – жасанды интеллектіні геологиялық деректерді талдауға және перспективалы учаскелерді анықтауға пайдалану.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз.
Тегтер #24жаңалықтар #Үкімет отырысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz