Қазақстан қаңтар-шілде айларында 18,7 мың тонна қой және ешкі етін экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,7%-ға көп, деп хабарлайды 24KZ Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Экспорт көлемінің артуына қарамастан, ішкі нарықта қой және ешкі етіне тапшылық жоқ. Биылғы жеті айда ел ішінде 56,2 мың тонна өнім сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Қазір өндірілген қой және ешкі етінің шамамен төрттен бірі шетелге жөнелтіледі.
Қазақстан қой және ешкі етін 10-нан астам елге экспорттайды. Негізгі сатып алушы – Өзбекстан. Көрші елдің үлесіне жалпы экспорттың 97,9%-ы тиесілі. Қаңтар-шілдеде Өзбекстан Қазақстаннан 18,3 мың тонна ет сатып алған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 37,3%-ға көп. Ал экспорттың ақшалай көлемі 2,5 есеге өсіп, 51,5 млн долларға жеткен.
Қазақстаннан қой және ешкі етін Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан, Катар мен Кувейт те сатып алады. Алайда бұл елдерге экспорт көлемі салыстырмалы түрде аз.
Елдегі қой және ешкі етінің өндірісі де өсіп келеді. Қаңтар-шілдеде 74,9 мың тонна өнім өндірілген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6%-ға көп. Ал тамыз айында ұсақ мал саны 23,3 млн басқа жетіп, бір жылда 2,9%-ға артқан.
Сонымен қатар қой етінің бағасы қымбаттап отыр. Ranking.kz мәліметінше, тамызда оның бір келісі былтырғы тамызбен салыстырғанда 24,5%-ға өскен. Сарапшылар бағаның өсуіне ішкі факторлармен қатар экспорттық сұраныстың артуы да әсер етіп отырғанын атап өтеді.
Өткен жылдары елдегі қой және ешкі етінің өндірісі төмендеген. 2021–2024 жылдары өндіріс көлемі 175,5 мың тоннадан 148,9 мың тоннаға дейін қысқарған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 152,3 мың тоннаға дейін өскен.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #қой еті #экспортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz