RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

«Baqylauda» жүйесі шаруаларға қосымша жүк түсіреді – депутат

07.10.2026, 13:04 53

«Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Мұрат Иргибаев ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін Baqylauda ақпараттық жүйесін енгізуді 2028 жылға дейін кейінге қалдыруды ұсынды. Бұл мәселе бойынша депутаттық сауал Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолданды, деп хабарлайды «24KZ».

Депутаттың айтуынша, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері мемлекеттік қолдау шараларын бақылау үшін екі деңгейлі мониторинг жүйесін енгізіп жатыр. Алайда жаңа жүйе ауыл шаруашылығы саласының ерекшеліктерін ескеруі қажет.

Мұрат Иргибаев қазірдің өзінде субсидияларды бақылауға арналған электронды жүйе жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. 2023 жылдан бері ГИСС жүйесінде электронды өтінім беру, «күту парағы» және автоматты бақылау тетіктері енгізілген. Ал 2025 жылдан бастап субсидия алушыларға қарсы міндеттемелер жүктелді.

Депутат ауыл шаруашылығындағы автоматтандыру деңгейінің артуына байланысты жұмысшылар саны мен еңбекақы қорын тұрақты өсіру талабын қайта қарау қажет деп санайды. Оның айтуынша, заманауи техника еңбек өнімділігін арттырып, бұрын бірнеше адам атқарған жұмысты бір механизатордың орындауына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы салық түсімдерін тұрақты арттыру талабын қайта қарау қажет екенін айтты. Өйткені шаруалардың жұмысының нәтижесіне ауа райы мен нарықтағы баға сияқты сыртқы факторлар тікелей әсер етеді.

Осыған байланысты Мұрат Иргибаев Baqylauda жүйесін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін 2028 жылға дейін енгізуді кейінге қалдыруды ұсынды. Сондай-ақ жұмысшылар саны, еңбекақы қоры және салық түсімдеріне қойылатын талаптарды қайта қарау қажет екенін айтты.

Бұл ретте агроөнеркәсіп кешенінің ерекшеліктері мен сала өкілдерінің ұсыныстары ескерілуі тиіс.

Депутаттың пікірінше, мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қосымша әкімшілік жүктеме түсіруге емес, нақты нәтижеге және саланың тұрақты дамуына бағытталуы тиіс.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz