RU
Толық нұсқаға өту

Салықты уақытылы төлеген кәсіпкерге тексеріс азаяды

08.10.2026, 07:57 71

Қаржы секторын жасанды интеллект бақылайды. Цифрландыру есебінен бюджетке қосымша 410 млрд теңге түскен. Сонымен қатар мемлекеттік мүліктің жай-күйі қашықтан тексеріліп, күмәнді операциялар автоматты түрде анықталады, деп хабарлайды 24KZ.


Цифрлық жүйе бюджетті толықтырды

Қаржы секторын цифрландыру есебінен бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсті. Яғни деректер жай ғана бақылау құралы емес, кірісті арттыру көзіне айналып отыр. Мұны Қаржы министрлігі мәлімдеді. Биыл өзін өзі жұмыспен қамтушылар үшін арнаулы салық режимі енгізілгені белгілі. Соның негізінде цифрлық платформа салық агенті ретінде қызмет атқарып, 4% мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдерді ұстап қалады. Екінші бағыт – орынсыз шығынды анықтау. Бюджетті жоспарлаудан бастап мемлекеттік сатып алу мен онлайн мониторингке дейінгі барлық кезең бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілді. Бұл әрбір теңгенің айналымын бақылайды. Фискалдық деректерді қолдану есебінен жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар алдағы үш жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 трлн теңге орынсыз шығын алынып тасталды.

Салықты уақытылы төлеген кәсіпкерге тексеріс азаяды

2029 жылға қарай жасанды интеллект арқылы бизнес секторындағы салық міндеттемелерінің кемінде 80 пайызын алдын ала толтыруға мүмкіндік жасалады. Ал уақтылы төлем жасап жүрген кәсіпкерлер үшін тексеріс екі есе қысқарады. Сонымен қатар көлеңкелі экономика үлесін 13 пайызға дейін төмендету міндеті тұр. Бұл тұста жасанды интеллект есепшілердің көмекшісіне айналуы мүмкін. Алайда оларды толық алмастыра алмайды.

Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:

– Бухгалтер адам ретінде де, кәсіп ретінде де қалады. Оған менің ойымша, қорқатын ештеңе жоқ. Бухгалтер өз тәжірибесі арқылы салық және қаржылық есептерді қалай жасау керектігін, олардың сапасын жақсы біледі. Әрі қарай ЖИ агенттері де көмектесетін болады.

ЖИ мемлекеттік активтерді бақылайды

Мемлекеттік мүліктің қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын жасанды интеллект бақылап, күмәнді операцияларды өздігінен анықтай алады. Сондай-ақ е-қазына платформасы мемлекеттік активтерді қайта бөлу, оларды күтіп-ұстау және жаңартуға кететін шығындарды нақты жоспарлауға ұсыныс береді. Қазірдің өзінде мұнда 40 цифрлық сервис қалыптасты.

Жанасыл Оспанов, «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

– Мемлекеттік активтерді алдын ала талдап, тиімді басқару үшін ЖИ мен Big Data, е-қазына құралдарын енгіземіз. Деректер көбейген сайын жүйе инфрақұрылым нысандарының тозуын алдын ала болжай алады және жөндеуді қай уақытта жүргізу дұрыс екенін анықтауға көмектеседі. ЖИ-ге негізделген аналитика мүліктің тиімсіз пайдалануын және күмәнді немесе қалыптан тыс операцияларды анықтай алады.

Бұған қоса, мемлекеттік қолдау шаралары қашықтан тексеріледі. Бірыңғай цифрлық платформа негізінде жыл сайын қаражат көлемі 1 трлн теңгеден асатын 150 бағдарлама бақыланады. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, жер қойнауын пайдалану, энергетика, сауда-саттық салалары бар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz