RU
Толық нұсқаға өту

Биылғы сегіз айда 145 мың тонна күріш өндірілген

12.10.2026, 07:50 27

Елде күріш экспорты ұлғайды.

Отандық кәсіпорындар көрші елдермен қатар Ауғанстанға тауар жөнелтіп жатыр. Су тапшылығына байланысты егістік алқаптары тарылғанымен диқандар заманауи технология арқылы өнім көлемін арттыра алды. 

145 МЫҢ ТОННА КҮРІШ ӨНДІРІЛДІ

Елде күріш өндірісі артты. Ұлттық статистика бюросы бұған қатысты мәліметтерді жариялады. Сандарды сөйлетейік. Биыл қаңтар-тамыз аралығында 145 мың тонна өнім шығарылған. Бұл былтырғы дәл осы кезеңдегіден 18 пайызға көп. Отандық тауарға шетелден сұраныс жоғары. Жылдың алғашқы жеті айында 88 мың тоннадан астам күріш экспортталды. Өткен жылы бұдан 25 пайызға аз болған еді. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мен Ауғанстан негізгі тұтынушымызға айналды.

Күріш өндірісі

2026 ж қаңтар-тамыз 145 мың тонна

Көрсеткіш +18,6%

Күріш экспорты

2026 ж қаңтар-шілде 88,8 мың тонна

Көрсеткіш +25,3%

Құны $24,7 млн

Сауда серіктестері: Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Ауғанстан

Күріш импорты 3 есе азайды

Өндірістің артуы импортқа тәуелділікті едәуір азайтты. Былтыр қаңтар-шілде аралығында сырттан 17 мың тоннаға жуық күріш тасымалданса, биылғы шетелдік тауар көлемі 5 мың тоннаға да жетпейді. Яғни 3 есе азайып отыр. Негізгі жеткізуші елдер қатарында Үндістан, Ресей, Пәкістан, Таиланд және Өзбекстан бар.

КҮРІШ ИМПОРТЫ

2026 ж қаңтар-шілде 4,9 мың тонна

Көрсеткіш  -70,7%

Жеткізуші елдер: Өзбекстан, Ресей, Пәкістан, Таиланд, Үндістан

Жаңа күріш зауыты өндірістік қалдықты азайтады

Елдегі күріш өндірісінің 80 пайызы Қызылорда облысына тиесілі. Биыл су тапшылығына байланысты егістік алқабы 80-нен 70 мың гектарға дейін тарылды. Алайда шаруалар тіршілік нәрін үнемдейтін техникалық жабдықтарды қолдана отырып, өнім көлемін көбейте алды. Орташа есеппен әр гектардан 50 центнер күріш алынған. Өңірде жаңа зауыт іске қосылды. Бұл жоба саладағы өндіріс қуатын 2,5 есе арттыруға, экспорттық әлеуетті дамытуға және өңдеу тиімділігін күшейтуге ықпал етеді. Кәсіпорында сағатына 12 тонна күріш өндіруге болады. Заманауи қондырғылардың көмегімен өндірістік қалдықтардың көлемі азаяды, дейді мамандар. Компания өз өнімінің тең жартысын ішкі нарыққа жөнелтсе, қалғанын Моңғолия, Ирак және ТМД елдеріне экспорттайды.

Күріш шаруашылығы институтына $4,1 млрд бөлінді

Кез келген саланы ғылым мен заманауи технологиясыз дамыту қиын. Күріш өндірісінде де ғалымдардың маңызы зор. Биыл Қызылордадағы И.Жақаев қазақ күріш шаруашылығы институтына 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Бөлінген қаржы институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және өндіріске заманауи әзірлемелер енгізуге жұмсалуы керек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz