RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ЖИ

Қазақстанда 8,7 трлн теңгеге 1 226 өнеркәсіптік жоба іске асырылды

12.10.2026, 10:02 36

Қазақстанда 2019–2026 жылдары 1 226 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылып, 106,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жобаларға салынған инвестиция көлемі 8,7 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды «24KZ».

 Жаңа өндіріс орындары машина жасау, мұнай-газ химиясы, металлургия, тамақ және химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларды қамтиды. Елімізде автомобильдер мен автокомпоненттер, полипропилен, автокөлік шиналары, табақ шыны, ферроқорытпалар және тұрмыстық техника өндірісі жолға қойылды.

 Машина жасау саласында 187 жоба жүзеге асты

2019–2026 жылдары машина жасау саласында 187 жоба іске асырылып, 25 603 тұрақты жұмыс орны құрылды. Өңірлерде күштік трансформаторлар, тракторлар, автобустар, карьерлік және жол-құрылыс техникасын шығаратын өндіріс орындары ашылды. Автомобиль жасау мен оның бөлшектерін өндіру бағыттары да дамып келеді.

 

Автомобиль өндірісінің қуаты жылына 190 мың көлікке жетеді

2025 жылы Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты іске қосылды. Кәсіпорында Chery, Changan және Haval маркалы автомобильдер шығарылады. Жобаға 182 млрд теңге инвестиция салынып, 3,6 мың жұмыс орны құрылды. Зауыт жылына 120 мың автомобиль шығаруға қауқарлы.

 Сол жылы Қостанай облысында KIA Qazaqstan зауыты пайдалануға берілді. Жобаға 131,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 70 мың автомобильді құрайды.

 Екі жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 313,5 млрд теңге болды. Кәсіпорындарда барлығы 5,1 мың жұмыс орнын құру көзделген.

 

2026 жылы тағы 200 жоба іске асырылмақ

Биыл Қазақстанда жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде шамамен 17,3 мың тұрақты жұмыс орны ашылуы тиіс.

 Берілген мәліметке сәйкес, 2026 жылы осы уақытқа дейін 100 жоба іске қосылып, 7 029 адам жұмыспен қамтылған.

 

Арнайы экономикалық аймақтарда 15,9 трлн теңгенің өнімі өндірілді

Қазақстанда 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Оның ішінде 2025–2026 жылдары құрылған төрт жаңа аймақ бар. Қазіргі уақытта бұл аумақтарда 561 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Инвестициялардың жалпы көлемі 11,5 трлн теңгеге жетіп, 38 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім көлемі 15,9 трлн теңгені құрады. Оның 1,1 трлн теңгесі экспортқа жөнелтілген.

 Арнайы экономикалық аймақтардағы ірі жобалардың қатарында Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. мұнай-газ химиясы кешені бар. Кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге арналған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұнда 366,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

 Астанадағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Тау-Кен Алтын» зауыты жылына 25 тонна аффинаждалған алтын және 50 тонна күміс өндіреді. Кәсіпорында өндірілген өнімнің жалпы құны 8,8 трлн теңгеден асқан.

 «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы «СМИТ Центральная Азия» кәсіпорны жылына 30 мың тоннаға дейін құбырлар мен құбыр бөлшектерін шығарады. Өндірілген өнім көлемі 33,64 млрд теңгеге жеткен.

 Түркістан облысындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында Lihua Group компаниясының «Түркістан тоқыма» кешенінің алғашқы кезеңі 2025 жылғы желтоқсанда іске қосылды. 430 жұмыс орны ашылды. Кешен толық қуатына шыққанда жылына 11,4 мың тонна иірімжіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жиынтығы және 4 млн көрпе өндіру жоспарланған.

 Ал Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында Shengtai Biotech (Fufeng Group) компаниясының жүгеріні терең өңдеу зауытының алғашқы кезеңі іске қосылды. Оның қуаты жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдеуге жетеді. Кәсіпорын крахмал, аминқышқылдары мен мал азығына арналған қоспалар өндіреді. Жобаның барлық кезеңі аяқталғанда шамамен 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

 Өнеркәсіптік жобаларды іске асыру, өндіріс көлемін ұлғайту және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін QazIndustry үйлестіреді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz