RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ЖИ

Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 155 млрд АҚШ долларынан асты

12.10.2026, 10:40 39

2019–2026 жылдары Қазақстанға 155 млрд  АҚШ  долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Қаражат өңдеу өнеркәсібі, химия, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы, энергетика және цифрлық технологиялар салаларына бағытталды, деп хабарлайды «24KZ».

Соңғы жылдары ел экономикасына тартылған инвестицияның салалық құрылымы өзгеріп келеді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің тікелей шетелдік инвестициялардағы үлесі 2019 жылғы 14,2%-дан 2025 жылы 21,3%-ға дейін өсті. Химия өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 98,8 млн АҚШ долларынан 1,2 млрд долларға, байланыс саласында 105 млн АҚШ долларынан 1,3 млрд долларға жетті. Қаржы және сақтандыру қызметіне құйылған инвестиция 1 млрд доллардан 4,2 млрд долларға дейін ұлғайды.
Қазақстанға инвестиция салатын негізгі елдердің қатарында Ресей, Қытай, АҚШ, Нидерланд, Швейцария және Франция бар. Сонымен бірге Таяу Шығыс пен Азия мемлекеттерінің үлесі артып келеді. 2025 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінен тартылған инвестиция 1,6 млрд АҚШ долларына, Катардан 1,3 млрд АҚШ долларына, Сингапурдан 1,4 млрд АҚШ долларына жетті.
БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) дерегінше, 2025 жылы Қазақстанға жаңа жобалар бойынша 19 млрд доллар инвестиция тартылған. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 266%-ға жоғары.


Ірі жобаларға арналған инвестициялық келісімдер

2021 жылы Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды қолдауға арналған инвестициялар туралы келісім тетігі енгізілді. Ол кемінде 7,5 млн айлық есептік көрсеткіш көлемінде инвестиция салатын жобаларға қолданылады. Құжатта мемлекет пен инвестордың міндеттемелері бекітіліп, жобаны іске асыру кезеңінде негізгі шарттардың тұрақтылығына кепілдік беріледі.
Қазіргі уақытта елде осындай 70-ке жуық келісім жасалған. Олардың аясында бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатыр.


Фармацевтика мен агроөнеркәсіпке басымдық берілген

Биыл фармацевтика саласындағы сегіз ірі инвестициялық жоба бойынша келісімдер жасалған. Қазақстан дәрі-дәрмектің 80%-дан астамын импорттайды. Осыған байланысты отандық өндірістің үлесін дәрілік заттар нарығының 50%-ына дейін жеткізу міндеті қойылған.
Агроөнеркәсіп кешенінде де 100-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар фермерлік шаруашылықтар құрудан бастап, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге дейінгі бағыттарды қамтиды. Dalian Hesheng Holdings, Fufeng Group, Tiryaki Agro және Solico Group компанияларының жобалары осы саладағы инвестициялық бастамалардың қатарында.
Өнеркәсіп пен ішкі өндірістік тізбектерді дамытуға Stadler, Alstom және Wabtec компанияларымен жасалған келісімдер де ықпал етуде. Сонымен қатар Mars, Carlsberg, PepsiCo және Coca-Cola секілді халықаралық компанияларҚазақстанның тамақ өнеркәсібіне үлес қосып келеді.


Цифрлық инфрақұрылым мен энергетика дамып келеді

Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының халықаралық кластерін құру жобасы қолға алынған. Firebird және NVIDIA компанияларымен жасалған келісімдер топтамасының жалпы құны 10 млрд долларға дейін жетеді. Жоба жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын дамытып, 100 мыңға дейін жаңа буындағы графикалық процессор орналастыруды көздейді.
Телекоммуникация саласында «Қазақтелеком» 828 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыспен қамту жобасын жүзеге асырды. Оның аясында шамамен 14,4 мың шақырым оптикалық желі тартылды. Сондай-ақ Ақтау мен Сумғайытты байланыстыратын Каспий теңізінің түбімен өтетін, ұзындығы шамамен 370 шақырым талшықты-оптикалық желі салу жобасы іске асырылып жатыр.
Энергетика саласында Ақтауда Huadian Kazakhstan Energy Ltd. компаниясының қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасы жүзеге асырылуда.
Алматыда Hunan Junxin Environmental Protection компаниясы тұрмыстық қалдықтарды энергияға айналдыру жобасын іске асырып жатыр. Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдық өңдеп, 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге есептелген.


Металлургияда терең өңдеу жобалары қолға алынған

Тау-кен металлургия кешенінде шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға көшуге басымдық беріліп отыр.
Балқашта құны 750 млрд теңге болатын Qazaq Smelter мыс балқыту зауытын салу жоспарланған. Жоба катодты мыс өндірісін ұлғайтып, зиянды шығарындылар көлемін 12 есе азайтуды көздейді.
Павлодар облысында 600 млн доллар инвестиция тартылатын Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорында қиын өңделетін алтын концентраттарын автоклавтық тотықтыру технологиясымен өңдеу жоспарланған.
Бұдан бөлек, Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу жөнінде келісім жасалды. Жоба көмірді терең өңдеуге және дайын өнім шығаруға бағытталған.

Инвестициялық жобалар цифрлық платформада бақыланады

2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа әзірленді. Жүйе инвесторлар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жеделдетіп, жобалардың іске асырылу барысын бақылауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта платформада жалпы құны шамамен 106 трлн теңге болатын 3,5 мыңнан астам инвестициялық жоба тіркелген. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жобалардың орындалуын бақылап, инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік алған.
Инвестициялық саясаттағы негізгі бағыттар өндірісті әртараптандыруға, шикізатты терең өңдеуге, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және жоғары қосылған құны бар өнім экспортын ұлғайтуға негізделген.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz