Қазақстанда соңғы жеті жылда шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылғандар саны 36,7%-ға өсті. Қазір бұл салада 4,5 млн-нан астам адам еңбек етеді. Бұл – елдегі жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 48,6%-ы, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2018 жылы шағын және орта бизнесте 3,3 млн адам жұмыс істеген. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны осы кезеңде 63,5%-ға өсіп, 2,2 млн-ға жетті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 104,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 3,2 есе көп. Ал сектордың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,9%-ға жетіп, 9,2 пайыздық тармаққа өсті.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің басым бөлігін жеке кәсіпкерлер құрайды. Олардың үлесі жалпы субъектілер санының 69%-ына тең. Бұл сегментте 2 млн-нан астам адам еңбек етеді. Ал орта кәсіпорындар барлық субъектінің небәрі 0,1%-ын құрағанымен, оларда 428,2 мың адам жұмыс істейді.
Кәсіпкерлік субъектілерінің ең көбі сауда саласында шоғырланған. Оның үлесі 35%-ды құрайды. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салалары бизнесті кеңейтуге әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Әйелдердің кәсіпкерліктегі үлесі де жоғары. Олар шағын және орта бизнес субъектілерінің 48,1%-ын басқарады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 52,6%, ал заңды тұлғалар арасында 28,1% болды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #ШОБ #бизнесPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz