Қазақстанда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 2019 жылғы 502 миллиард теңгеден 2025 жылы 1,26 триллион теңгеге дейін өсті. Осылайша, алты жылда көрсеткіш шамамен 2,5 есе артты. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Инвестиция көлемінің өсуі туристік инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңа нысандар салуға мүмкіндік беріп отыр. Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың өзінде жалпы құны 345 миллиард теңгені құрайтын 95 инфрақұрылымдық жоба іске асырылған.
Туристік кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған. 2022 жылдан бастап саладағы кәсіпкерлерге арналған жеті қолдау тетігі іске асырылып келеді. Олар туристік нысандарды салу және жаңғырту, туристік көлік пен жабдықтар сатып алу, жол бойындағы сервисті дамыту, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталған.
Бұдан бөлек, 2024 жылдан бастап Қазақстанның Даму банкі арқылы туристік жобаларды жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыруға 150 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат ірі туристік кешендер мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған.
Туризмнің ел экономикасындағы үлесі салық түсімдерінен де байқалады. ҚР Туризм және спорт министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы туризм саласынан түскен салық түсімдерінің көлемі 630 миллиард теңгеге жеткен.
Инвестиция тарту, кәсіпкерлерді қолдау және туристік инфрақұрылымды дамыту елдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл ретте нысандардың қолжетімділігін жақсарту және қызмет көрсету сапасын арттыру туристер ағынын көбейтудің маңызды шарттарының бірі болып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #туризм #ҚР Туризм және спорт министрлігі #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz