RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Дүкен сөрелерінде отандық өнімдердің үлесі артады

13.10.2026, 16:59 23

Қазақстанда 20 қазаннан бастап сауда желілеріне отандық өнімнің міндетті үлесін қамтамасыз ету талабы күшіне енеді. Жаңа талап әрбір тауар санаты мен кіші санатына қатысты болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

«20 қазаннан бастап әрбір тауар санаты мен кіші санатында отандық тауарлардың міндетті үлесінің болуы жөніндегі жаңа талаптар күшіне енеді. Сауда желілерімен қазақстандық өнімді ілгерілету бойынша 72 меморандум жасалды», — деді министр.

Сонымен қатар елімізде сауда көлемі де артып келеді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 61 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өсті. Оның ішінде көтерме сауда көлемі 40,7 трлн теңгені, бөлшек сауда 20,5 трлн теңгені құрады.

Сауда айналымының 70%-дан астамы Алматы, Астана және Шымкент қалаларына, сондай-ақ Атырау мен Қарағанды облыстарына тиесілі. Негізгі тауарлар қатарында автомобильдер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер, сусындар, азық-түлік және құрылыс материалдары бар.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері республика бойынша «Дала дәмі» ортақ атауымен 5,6 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өндірушілердің өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруды жандандыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық тауарларды шетелде ілгерілету, жаңа өткізу нарықтарын игеру және экспорттық жеткізілімдер географиясын кеңейту жөнінде тапсырма берілді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz