RU
Толық нұсқаға өту

0-0-12 және 0-0-24: нені ескеру керек?

14.10.2026, 07:41 36

Қазір тауар ақысын бөліп төлеуге болады. Алайда тұтынушылардың көбі кейбір шарттарға мән бере қоймайды. Ал қарызға алынған тауар кейде бастапқы бағадан қымбатқа шығуы мүмкін. Екіншіден, қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу өнімдері арнайы тетіктермен реттелмейді. Қайтпек керек? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


«Қазір ал, кейін төле». Бұл сауда орындарының ортақ ұранына айналғалы қашан. Тұтынушылар тарапынан да осындай төлемге сұраныс толастамай тұр. Ай сайынғы қарызды қалта көтерсе болғаны, өзге талаптарды елей қоймайды. Сарапшылар мұндай кезде асықпай, келісімшартқа үңілуге кеңес береді. Өйткені кейбір тауар бағасы тұтынушының қолма-қол немесе бөліп төлеуіне қарай өзгеруі мүмкін.

Бекнұр Қисықов, экономист:

– Қолма-қол ақша мен бөліп төлеу бағасын салыстыру керек. Себебі бір тауар, мысалы, 100 мың теңге тұрады дейік. Соны пайызсыз алыңыз деген жарнама тұрады, бірақ оны 2 жылдан кейін 120 мың қылып төлейсіз. Ол бірақ, жарнамада көрсетілмейді.

Сатушы тұтынушының төлем қабілетіне бас қатырмайды. Бастысы, тауары өтсе болды. Бөліп төлеу сауда процесін жеңілдеткенімен қаржылық емес ұйымдардың өнімі тұтынушының құқығын қорғайтын арнайы тетіктермен реттелмейді. Ал осындай қарыздар несие тарихында көрінбейтіні тағы бар. Сондықтан банктер пайызбен несие бере береді. Айналып келгенде, қарапайым тұтынушы қарыздың қамытын қалай кигенін аңғармай қалуы мүмкін. Ұлттық банк бөліп төлеу нарығын талдауға арналған дискуссиялық құжат жариялады. Соған сәйкес мәміленің толық құны мен шарттарын ашық көрсету, айыппұл мен өсімпұл мөлшерін шектеу сияқты мәселелер қарастырылады.

Нұрболат Сахи, ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметкері:

– Бұл мәселе бойынша әзірге қандай да бір нақты шешім қабылданды деуге ерте. Жаңа бастама мақсатты түрде ашық талқылауға шығарылып отыр. Ұлттық банк сол арқылы басқа да реттеушілермен, нарық қатысушыларының пікірін ескере отырып, жалпыға ортақ әрі тиімді шешім қабылдауды көздейді.

Иә, ешкім еріккеннен бөліп төлеуге көшкен жоқ. Тек нарықта тұтынушылардың құқығын қорғау маңызды болып тұр. Сарапшылар ең алдымен әрбір сатып алушының төлем қабілеті ескерілсе екен дейді.

Бекнұр Қисықов, экономист:

Сол қаржы жүктемесін қарау керек. Соған қарап тауар беру керек. Қазір, мысалы, дүкендерде оған мән бермейді. Олар: «Аласың ба? Ал! Аты-жөнің осындай, болды, жазып алдық», – дейді. Болды, кетті. Мысалы, ол бір дүкеннен, сосын екінші дүкеннен, үшінші дүкеннен тауар алып, кейін банкрот болып қалуы мүмкін.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне қарағанда биыл елде 17 трлн теңгеден астам тұтынушылық несие берілген. Ал бөліп төлеу арқылы алынған қарыз үлесі 19 пайызға жетіп отыр. Ұлттық банк жариялаған дискуссиялық құжат 3 қарашаға дейін талқыланады. Әзірге қандай өзгеріс болатыны белгісіз. Анығы – бөліп төлеу тәртібі жойылмайды, тек реттеуді талап етеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz