Қазақстанда 2019 жылдан 2026 жылға дейін жалпы құны 8,7 трлн теңге болатын 1 226 инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың нәтижесінде 106,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіптік бастамалар елдің өндірістік әлеуетін арттырып, өңірлердің экономикалық дамуына серпін берді, деп хабарлайды «24KZ» Ranking.kz деректеріне сілтеме жасап.
Соңғы жеті жылда Қазақстанның өнеркәсіп саласында жаңа кәсіпорындар ашылып, қолданыстағы өндіріс орындарының қуаты кеңейді. Машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, химия және басқа да бағыттар бойынша жүздеген жоба жүзеге асырылды. Бұл бастамалар отандық өндірісті дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.Жалпы іске асырылған 1 226 жобаның 1 072-сі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл салаға 6,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 93,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.Өңдеу өнеркәсібінің ішінде тамақ өнімдерін өндіру бағытында 265 жоба, құрылыс материалдары саласында 242 жоба, машина жасауда 187 жоба және химия өнеркәсібінде 57 жоба іске қосылды. Мұндай әртараптандыру ел экономикасының шикізаттық емес секторын дамытуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға ықпал етеді.
Өңірлерде жаңа өндіріс орындары ашылды
Инвестициялық жобалар Қазақстанның барлық өңірін қамтыды. Жобалар саны бойынша Шымкент қаласы алда келеді. Мұнда жеті жыл ішінде 130 жоба жүзеге асырылды. Астанада 91 жоба іске қосылды.
Ақмола және Алматы облыстарында 81 жобадан, Жамбыл облысында 76 жоба, Алматы қаласында 71 жоба жүзеге асқан.
Жобалар санының жыл сайын артуы да байқалады. Егер 2019 жылы 81 жоба іске қосылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 190-ға жетті. Былтыр жаңадан құрылған өндіріс орындарында 22 531 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Кәсіпорындардың іске қосылуы өңірлерде экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, қосалқы өндірістердің дамуына да жол ашады. Жаңа зауыттар мен фабрикаларға қажетті шикізат, жабдықтар, логистика және сервистік қызметтерге сұраныс артып, жергілікті кәсіпкерлікке қосымша мүмкіндік туындайды.
Биыл 200 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған
2026 жылы Қазақстанда жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200 өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың іске қосылуы нәтижесінде 17,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Соңғы жылдары елде автомобиль құрастыру, полипропилен өндіру, шиналар, шыны, ферроқорытпа және өнеркәсіптік жабдықтар шығару бағыттары дамыды. Атап айтқанда, Атырау облысында полипропилен өндірісі жолға қойылса, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Шымкентте күштік трансформаторлар, Қызылорда облысында шыны өндіру және өңдеу жолға қойылды.
Мұндай жобалар өндіріс көлемін арттырумен қатар, технологияларды игеруге, жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға және өңірлердің өнеркәсіптік мамандануын күшейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы, жеті жылдағы нәтижелер Қазақстанда инвестициялық жобалардың ауқымы кеңейгенін көрсетеді. Алдағы кезеңде жоспарланған өндірістердің іске қосылуы жұмыс орындарын көбейтуге, отандық өнім үлесін арттыруға және экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге ықпал етуі мүмкін.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz