2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға өсті. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен энергетика салаларында өсім жоғары болды, деп хабарлайды «24KZ» Ranking.kz деректеріне сілтеме жасап.
Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлем индексі 108,1%-ды құрады. Яғни баға өзгерісін есепке алғанда, инвестиция көлемі 8,1%-ға артқан. Жалпы инвестицияның 40%-дан астамы өнеркәсіп салаларына бағытталды.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіне 1,9 трлн теңге, тау-кен өнеркәсібіне 1,87 трлн теңге инвестиция салынды. Электр энергиясы, газ, бу және ауа баптау жүйелерін қамтамасыз ету саласына 1,3 трлн теңге, ал сумен жабдықтау мен қалдықтарды өңдеу бағыттарына 388,2 млрд теңге бөлінді.
Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестицияның нақты көлемі бір жылда 39,9%-ға артса, энергетика секторында өсім 49,3%-ды құрады. Бұл өндірістік қуаттарды кеңейтуге, кәсіпорындарды жаңғыртуға және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялардың артқанын көрсетеді.
Өткен жылы да оң динамика байқалды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,7%-ға өсті.
Соңғы жылдары Қазақстанда полипропилен, автомобиль шиналары, шыны, күштік трансформаторлар мен ферроқорытпа өндіретін кәсіпорындар іске қосылды. Автомобиль құрастыру және машина жасау салаларында да жаңа жобалар жүзеге асырылды. Бұл бастамалар отандық өндірісті кеңейтуге, шикізатты терең өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы, инвестиция көлемінің өсуі Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайтуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға жол ашады. Ал оның ұзақ мерзімді экономикалық тиімділігі өндіріс көлемінің артуы, еңбек өнімділігі және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі арқылы бағаланады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #өнеркәсіп #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz