RU
Толық нұсқаға өту

Түйе сүтіне арналған ұлттық стандарт бекітілді

15.10.2026, 07:02 28

Елде пастерленген түйе сүтінің ұлттық стандарты бекітілді, деп хабарлайды 24KZ.

1 қарашадан бастап күшіне енеді. Жаңа құжат отандық кәсіпорындардың тауар түрін көбейтуге және экспортты арттыруға арналған. Ондағы талаптарға сәйкес, өнім құрамындағы май мен ақуыздың массалық үлесі 3 пайыздан кем болмауы тиіс. Құрғақ заттардың массалық үлесі 11 пайыз, ал қышқылдығы 12 мен 22 Тернер градус аралығында сақталуы керек. Бұл негізгі талаптар ғана. Стандарт саладағы кәсіпкерлерге қойылған міндет емес, бірақ бұл талаптарға сай өнім өндірушілер өз тұтынушыларын көбейте алады. Өйткені жаңа құжат тауардың сапасы жоғары екенін айқындап тұрады.

Пастерленген түйе сүтінің ұлттық стандарты 

Майдың массалық үлесі 3%

Ақуыздың массалық үлесі 3%

Құрғақ заттардың массалық үлесі 11%

Қышқылдығы 12-22°Т

Нұрбек Қазбек, ҚР СИМ техникалық реттеу және метрология комитетінің басқарма басшысы:

- Мұндай стандарт бұрын-соңды болмады. Иә, шикі сүтке болған еді. Алайда пастерленген түйе сүті өніміне стандарт алғаш рет ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша бекітілді. Қарапайым тұтынушы этикеткасында сол стандарт көрсетілген жағдайда нақты сенім артып, қауіпсіз екеніне көз жеткізіп, тұтына алады.

Түйе сүтінің сапасын оңай білесіз. Елде арнайы стандарт бекіді. Яғни өнім құрамындағы май мен ақуыздан бастап, қышқыл мөлшеріне дейін ортақ талап енгізілді. 

Әрине бұл тауардың бәрі дәл осы шартқа сай болуы міндетті емес. Бірақ талапқа сәйкес келетін сусын сыртына стандартталғаны туралы мәлімет жапсырылады. Бұл өнімнің сапасы жоғары екенін айқындап тұрады. 

Мамандардың айтуынша, кейінгі жылдары ішкі және сыртқы нарықта түйе сүтіне сұраныс артқан. Әсіресе шұбат пен қымыранға тапсырыс көп. Табиғи өнімнен балмұздақ та жасалып жатыр. Жаңа стандарт арқылы экспорт әлеуетін арттыруға болады. ЕАЭО елдері, Қытай және Таяу Шығыс мемлекеттері негізгі бағыт ретінде қарастырылып отыр. Бұған дейін бие сүтіне арналған стандарт енгізіліп, көрші елге қымыз жөнелту жеңілдей түскен еді.

Нұрбек Қазбек, ҚР СИМ техникалық реттеу және метрология комитетінің басқарма басшысы:

- Жылқы сүтін, мысалы, Қытай еліне экспорттау үшін өзіміздің стандартты ол кісілерге көрсеттік. Одан кейін көз жеткізді қауіпсіз екеніне, стандарт талаптарымен жұмыс жасауға болатынына және біздің ұлттық стандарттың негізінде Қытайдың ұлттық стандартын бекітіп, қазіргі таңда біздің экспорттаушылар қолданып жатыр. Осы түйе сүті бойынша да сондай нәтижелер күтеміз. 

Ойсылқара түлігін өсіруге ниетті шаруаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, асыл тұқымды түйе сатып алуға субсидия қарастырылған. Әрбір аталық бас үшін 175 мың теңге беріледі. Сонымен қатар шұбат сатып, кәсіп көкжиегін кеңейткісі келетіндерге тағы бір қолдау тетігі бар. Түйе сүті үшін демеу-қаржы төленеді. Әр литріне 55 теңге. Субсидия көлемі өңірлердің бюджеті есебінен ұлғаюы мүмкін.

Биыл мамырдағы есеп бойынша елдегі түйе саны 322 мың басқа жетті. Былтырғыдан 7,5 мыңға көбейген. Ал асымды тұқымды түйе 2400 бастан асты. Шөл кемесінің басым бөлігі Маңғыстау, Атырау, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz