Қазақстан көлік-логистика саласын дамытып, Еуразияның бірыңғай көлік жүйесіндегі орнын нығайтуды көздейді. Осы мақсатта теңіз порттары мен көлік флотын дамыту, халықаралық дәліздердің өткізу қабілетін арттыру және жүк тасымалын цифрландыру мәселелері қарастырылып жатыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан IX «New Silk Way» халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумында айтылды деп хабарлайды «24KZ».
Іс-шарада теміржол, автомобиль, теңіз және авиациялық көлікті дамыту, халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыру және салаға білікті кадрлар даярлау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы және Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі ынтымақтастықты нығайтуға басымдық берілді.
Форумға 40-қа жуық елдің өкілдері қатысты. Олардың қатарында Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Грузия, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Чехия мемлекеттерінің көлік саласына жауапты ведомстволарының өкілдері бар. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар, ірі көлік-логистика компаниялары мен дипломатиялық корпус өкілдері бас қосты.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша көлік саласының өсуі 7,2%-ды құрады. Сала көшбасшылар қатарына кіреді. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша инфрақұрылымдық инвестицияларды сауда рәсімдерін жеңілдетумен және шекарадағы кідірістерді қысқартумен ұштастыру елдердің ЖІӨ-ін шамамен 15%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов көлік-логистика саласының ЖІӨ құрылымындағы маңыздылығын және мемлекеттің оның ел экономикасындағы үлесін ұлғайтуға ниетті екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамытуды стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Заманауи көлік инфрақұрылымы халықаралық сауданы кеңейтуге, инвестициялар тартуға, жаңа өндірістер құруға және мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді,– деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Кейінгі 7 жылда 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделсе, 5 жыл ішінде 5 мың шақырым теміржол салынып, жаңғыртылды. Шекара маңындағы, теңіз және әуежай инфрақұрылымы дамып келеді. Авиациялық қауіпсіздік деңгейі 95,7%-ға жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі 18%-ға ұлғайып, 39,1 млн тоннаға жетті. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2035 жылы теңіз порттарының өткізу қабілетін 4 есе, флот қуатын 5 есе арттырып, транзиттік тасымал көлемін жылына 100 млн тоннаға жеткізу жоспарлануда.
Премьер-министр қатысушылардың назарын халықаралық логистиканы ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру және Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәліздерінің, Транскаспий бағыты мен болашағы зор Трансауған дәлізінің өзара байланысын нығайту перспективаларына аударды. Мемлекеттердің бірлескен жұмысының маңызды бағыттары – инфрақұрылымды дамыту, логистиканы цифрландыру және тұтас транзитті қамтамасыз ету. Басымдықтардың қатарында инфрақұрылымдық шектеулер мен әкімшілік кедергілерді жою, «жасыл дәліздерді» және «бір терезе» қағидатын енгізу бар, бұл трансшекаралық тасымалдауды жеңілдетуге, жүктерді жеткізу мерзімдері мен құнын қысқартуға мүмкіндік береді. Бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға көшудің маңыздылығы атап өтілді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #үкімет #БектеновPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz