Дүкендерге талап күшейді. Сауда сөресіне қандай тауар түрін қойылса да, әрқайсысында отандық өнім үлесі болуы керек. Әйтпесе кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылады. Жаңа құжат алдағы аптада күшіне енеді, деп хабарлайды 24KZ.
Сауда сөресіне қандай тауар қойылса да, әрқайсысында отандық өнімнің үлесі болуға тиіс. 20 қазаннан бастап осындай талап енгізіледі. Салалық министрлік мамандарының айтуынша, дүкенде сатылатын міндетті тауар тізімі жоқ. Яғни кәсіпкер не сатса да, өз еркі. Алайда таңдаған тауар түрінен өз елімізде шығарылған өнімді қоса сатып алуы керек. Оған белгілі бір пайыздық меже бекітілген.
Ернұр Тұраққазы, ҚР СИМ Ішкі сауданы дамыту департаментінің басқарма басшысы:
– Сауда объектісі бойынша есептелетін көрсеткіш 30 – пайыз. Ол жерде нан, күнделікті қолданылатын сүт өнімдері 30 пайыз болса, қазір одан бөлек тауарларға да, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың да үлес пайызын 30 пайызға жеткізу міндеттеліп жатыр.
Кәсіпкер отандық өнімнен негізсіз бас тарта алмайды
Өндіруші немесе делдалмен шарт жасау кезінде дүкен иесі отандық тауардан негізсіз бас тарта алмайды. Бұған тыйым салынды. Жаңа құжат күшіне енгеннен кейін тұтынушылар тарапынан түскен шағым мен мемлекеттік органдар жолдаған материал негізінде сала мамандары тексеріс жүргізеді. Егер заңбұзушылық анықталса, алғашында кәсіпкерге олқылықты жою туралы нұсқама беріледі. Ал ескертуді елемесе, әкімшілік жауапқа тартылады.
Ернұр Тұраққазы, ҚР СИМ Ішкі сауданы дамыту департаментінің басқарма басшысы:
– . ҚР ӘҚБ туралы Кодексінің 462-бабына сәйкес нұсқаманы орындамағаны үшін 100-ден 500-ге дейін АЕК мөлшерінде кәсіпкердің санатына байланысты айыппұл көзделген. Сонымен қатар отандық тауарлардың сауда желілерінде және ірі сауда объектілерінде қолжетімділігін шектегені үшін 201-бабына сәйкес, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Елде өндірілген азық-түлік көлемі 13%-ға артты
Елде өндірілген азық-түлік көлемі артты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл 9 ай ішінде тауардың жалпы құны 3,2 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғы дәл осы кезеңдегіден 13 пайызға көп. Соның ішінде өсімдік майы өндірісі 25, ұн өндірісі 13 пайызға өскен. Ірімшік пен сүзбе 9, шоколад пен қант қосылған кондитерлік өнімдер көлемі 10 пайызға ұлғайды. Ал балмұздақ өндірісі бірден 51 пайызға артқан.

Азық-түлік өндірушілерге ₸96 млрд несие берілді
Өндірістің артуына жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуы ықпал етті. Жыл басынан бері 200-ден астам кәсіпорынның айналым қаражатын толықтыруға мемлекет тарапынан 96 млрд теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуге арналған жаңа өндіріс орындары пайда болды. Атап айтқанда, Павлодар облысында майлы дақылдар, Түркістан облысында бақша дақылдары, Жамбыл облысында жүгері және Астанада ет өңдейтін, ал Алматы облысында сусын өндіретін кәсіпорын іске қосылды.
Тегтер #24KZ #бұл нарық #сауда #дүкендер #отандық тауар #азық түлікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz