Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету және еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды күшейту мәселелері қаралды, деп хабарлайды «24KZ» Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жаппай цифрландыруды жүзеге асыру және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Бұл әлеуметтік-еңбек саласы үшін, әсіресе жүргізіліп жатқан реформа аясында ерекше маңызды. Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкілікті нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басты міндеті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен вице-министр Бахтияр Жазықпаев негізгі цифрлық шешімдерді таныстырды.
«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған, 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығына қатысты деректер біріктірілген. Бағалаудың объективтілігін арттыру мақсатында деректерді жергілікті атқарушы органдар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып тексереді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы 480 355 отбасының өмір сүру жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. Ал 2026 жылдың басынан бері бұл санатқа тағы 464 158 отбасы өткен.
Сонымен қатар әлеуметтік төлемдердің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында оларды оңтайландыру жөніндегі реформаның жүзеге асырылу мәселелері қаралды. Әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты әкімдіктермен бірлесіп, үй шаруашылықтары деректерін тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл санаттағы азаматтар үшін өзгерістер әлеуметтік жәрдемақылардың барлық 36 түрінің тек 14-іне қатысты болады. Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы төлем тетіктері өзгеріссіз сақталады. Көмекке мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тәртібі толық көлемде сақталатыны атап өтілді.
Тегтер #Олжас Бектенов #әлеуметтік қорғау #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz