RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде жаңа үлгідегі еркін сауда аймақтары құрылады

19.10.2026, 21:49 40

Қазақстанда инвесторларды тартудың жаңа тетіктері енгізіліп, заманауи еркін сауда аймақтарын құру жоспарланып отыр.

Бұл мәселені қазақстандық ведомство өкілдері дубайлық сарапшылармен талқылады. Қазір елде 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олар миллиардтаған инвестиция тартқанымен шешімін күткен мәселелер бар. Мысалы, өндірілген тауарлардың 10 пайызға жетпейтін бөлігі экспортқа шығарылады. Ал кәсіпкерлер дайын өндірістік алаңдардың тапшылығына наразы. Осыған байланысты билік тек салық жеңілдіктерін ұсынумен шектелмей, бизнеске кешенді қызмет көрсететін жаңа жүйе қалыптастыруды көздейді. Басты мақсат – транзиттік жүктерді ел аумағынан жай өткізіп қоймай, оларды Қазақстанда өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Алғашқы пилоттық алаңдар ретінде Қорғас пен Ақтау қарастырылып жатыр. Қорғас Қытай нарығына тікелей шығуға мүмкіндік берсе, Ақтау Каспий теңізі арқылы Түркия мен Еуропаға жол ашады. Дубайлық мамандардың тәжірибесі заманауи цифрлық сервистер мен тиімді басқару жүйесін енгізуге көмектеседі. Бұл Қазақстанның халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады деген болжам бар.

Алуа Көрпебаева, көлік және логистика жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы

- Бізде арнайы экономикалық аймақтар бар. Бірақ олардың басым бөлігі өнеркәсіп пен өндіріске бағытталған. Әрине бұл дұрыс бағыт. Біз оны әрі қарай дамытуға ұмтыламыз. Дегенмен, сауда, логистика және кедендік рәсімдерді біріктіретін әртүрлі экономикалық аймақтар да болуы шарт. Мұның барлығы өндірістік аймақтармен өзара байланыста жұмыс істеуі тиіс. Себебі еркін сауда аймақтарының ең басты артықшылығы – экспорттық әлеуетті арттыру.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz