Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны қайта өңдеу және экспорттау көлемі де артып келеді. Соңғы жеті жылда өсімдік шаруашылығының жалпы өнімі 2,1 есе, ал азық-түлік өндірісі 2,4 есе өскен. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрлік дерегі бойынша, 2019–2026 жылдары өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,8 трлн теңгеден 5,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ал мал шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,3 трлн теңгеден 3,8 трлн теңгеге жетіп, 1,7 есе өсті.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да өсім бар. Азық-түлік өндірісінің көлемі 1,7 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге дейін артса, сусын өндірісі 398 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге жетті. Осылайша, екі бағыттағы өсім тиісінше 2,4 және 2,5 есені құрады.
Қайта өңдеу саласының дамуы отандық шикізаттың қосылған құнын арттырып, дайын өнім түрлерін көбейтуге жол ашады. Сонымен қатар ел ішінде жаңа өндірістік тізбектер қалыптасып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік туады.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да айтарлықтай өсті. 2019–2026 жылдары оның көлемі 3,3 млрд доллардан 7 млрд долларға дейін ұлғайып, 2,1 еседен астам артты.
Алдағы уақытта экспорт көлемін одан әрі арттыру үшін өнім сапасын жақсартуға, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын кеңейтуге және жаңа нарықтарға шығуға басымдық беріледі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ҚР АШМ #7жылPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz