Қазақстанда ауыл шаруашылығына салынатын инвестиция көлемі соңғы жеті жылда 2,4 есе артып, 1,2 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде еңбек өнімділігі 2,5 есе өсіп, сала қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 320 мың теңгеден асты. Мал шаруашылығында да оң өзгерістер бар. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
2019–2026 жылдары ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге шаққанда 2,5 млн теңгеден 6,2 млн теңгеге дейін өсті. Ал сала қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 115,4 мың теңгеден 320,8 мың теңгеге жетіп, 2,8 есе артты.
Осы кезеңде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 495 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ендігі міндет — осы қаражаттың қайтарымын арттырып, шаруашылықтарды техникалық тұрғыдан жаңғырту және заманауи технологияларды кеңінен енгізу. Жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану да маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Мал шаруашылығында жылқы саны айтарлықтай өсті
Ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі — мал шаруашылығында да өсім байқалады. 2019–2026 жылдары ірі қара мал саны 10,8%-ға, қой мен ешкі саны 7,8%-ға, ал құс саны 9,1%-ға артты.
Нақтырақ айтқанда, ірі қара мал саны 7,4 млн-нан 8,2 млн басқа дейін өсті. Қой мен ешкі саны 19,2 млн-нан 20,7 млн басқа, ал құс саны 45 млн-нан 49,1 млн басқа жетті.
Ең жоғары өсім жылқы шаруашылығында тіркелді. Соңғы жеті жылда жылқы саны 2,9 млн-нан 4,6 млн басқа дейін көбейіп, 58,6%-ға артты. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан жылқы саны бойынша әлемдегі алғашқы бес елдің қатарына кіреді.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елдегі ірі қара мал саны 8,8 млн басқа, қой мен ешкі саны 22,6 млн басқа жетті. Сондай-ақ 49,2 млн құс, 4,8 млн жылқы және 311,6 мың түйе тіркелді.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 1,4 млн тонна ет тірідей салмақта өндірілді. Бұған қоса, 3 млн тонна сүт өндіріліп, 3,7 млрд дана жұмыртқа алынды.
Мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін мал өнімділігін арттыру, асыл тұқымды мал өсіру жұмысын жетілдіру және жемшөп базасын нығайту көзделіп отыр. Сонымен қатар өнімді қайта өңдеу қуаттарын кеңейтуге басымдық беріледі.
Бұл шаралар тауарлы өнім көлемін ұлғайтуға, сапасын жақсартуға және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ҚР АШМ #7жылPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz