Қазақстандық стартаптар АҚШ нарығына шығып, жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік алады. Бұл туралы Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің бизнес-бағдарламалар кеңесінің директоры Әшімбек Әбілғазинов мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Маманның айтуынша, Astana Hub халықаралық инновациялық экожүйені дамыту бағытында жұмыс істейді. Бұл ретте ұйым Кремний алқабымен ғана шектелмей, Шанхай, Малайзия, Дубай және АҚШ сияқты халықаралық орталықтарда да өз қызметін кеңейтіп келеді.
Сол бағыттардың бірі – Silicon Road Innovation Hub. Оның негізгі мақсаты – қазақстандық жобаларды АҚШ нарығына шығару, жаңа инвестициялар тарту және өнімдердің сатылымын арттыру.
АҚШ – ауқымды нарық. Сондықтан оған шығу стартаптардың дамуына және бизнесін кеңейтуіне үлкен мүмкіндік береді. Алайда ол үшін компаниялар заң талаптарын сақтап, бизнесті дұрыс жолға қойып, жергілікті серіктестермен тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет, - дейді Әшімбек Әбілғазинов.
Сарапшының сөзінше, Astana Hub стартаптарды медицина, терең технологиялар (deep tech) және қаржы технологиялары (fintech) сияқты түрлі бағытта дамытуға көмектеседі. Бұл ретте қолдау жеке мамандарға емес, нақты жобалардың дамуына және олардың жаңа нарыққа шығуға дайындығына бағытталады.
Сонымен қатар стартаптарды халықаралық нарыққа бейімдеу жұмыстары шетелдік хабтармен ғана шектелмейді. Astana Hub жергілікті бағдарламалары арқылы да жобалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық нарыққа шығуына жағдай жасайды.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #стартап жобалар #АҚШ #нарықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz