Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын толықтай басқарушы компанияларға аудару мүмкіндігіне ие, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа тәртіп бойынша салымшылар қаражатының қанша бөлігін сенімгерлік басқаруға беретінін өздері шешіп, бір немесе бірнеше инвестициялық компанияны таңдай алады. Қазір нарықта мұндай алты компания жұмыс істейді.
Олар салымшыларға үш түрлі инвестициялық стратегия ұсынады.
Біріншісі – тәуекелі төмен консервативті стратегия. Екіншісі – тәуекел мен табыстылықтың теңгерімін сақтауға бағытталған тәсіл. Ал үшіншісі – жоғары кіріс әкелуі мүмкін, алайда жоғалтатын қаражат та аз болмайды.
Сондықтан басқарушы компанияны таңдамас бұрын оның инвестициялық стратегиясы мен қаржылық көрсеткіштерін мұқият зерделеу маңызды.
Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ Инвестициялық портфельді талдау басқармасының бастығы Ләззат Әмірғалиева айтып берді.
«Салымшыларға ИПБ-ны таңдау кезінде қолайлы болу үшін зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі «invest.enpf.kz» интернет платформасындағы ай сайын барлық қажетті ақпарат жарияланады. Атап айтқанда, онда қаржылық көрсеткіштер, зейнетақы активтерінің кірістілігі, сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі, инвестициялық портфельдің құрылымы және оның динамикасы көрсетіледі», – дейді Ләззат Әмірғалиева.
Жаңа жүйеде салымшылардың қаражатын қорғауға да ерекше мән берілген. Зейнетақы жинақтарын криптовалютаға және басқа да цифрлық активтерге инвестициялауға тыйым салынады. Сонымен қатар салымшы басқарушы компанияны ауыстыруға немесе қаражатын Ұлттық Банктің басқаруына қайтаруға бір жылдан кейін ғана өтініш бере алады.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияға беру салымшының қаражатын көбейту мүмкіндігін қарастыруына жол ашады.
«Сіз басқаруға бересіз. Ал қазір сіздің ақшаңыз БЖЗҚ, мемлекет қорында жатыр. Сіз оны жекеменшік қорға ауыстырып бере аласыз, бірақ ол өз қолыңызға тимейді. Сіз не үшін бересіз? Өйткені олардың табыстылығы көбірек болуы мүмкін. Сіз жинақтап жатқан зейнетақыны көбейту үшін беруге болады», – дейді қаржы сарапшысы.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #зейнетақы #компания #БЖЗҚ #қаржы #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz