Қазақстандық азық-түлік өнімдеріне шетелдік сатып алушылардың қызығушылығы артып келеді. Кондитерлік өнімдер, ет және сүт өнімдерімен қатар, шетелдіктер Алтай балын, алма пастиласын, жеміс-жидек тіскебасарларын және ұлттық тәттілерді де жоғары бағалайды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл туралы Сауда саясатын дамыту орталығы – QazTrade экспортты жеделдету департаментінің аға менеджері Әлібек Қаушенов айтты.
Қазір азық-түлік өнімдерінің ішінде кондитерлік өнімдер, ет және сүт өнімдері өте танымал. Жалпы, шетелдік сатып алушылардың қызығушылығы жоғары. Ол үйреншікті тауарлармен ғана шектелмейді. Алтайдың табиғи балына, алма пастиласына, жеміс-жидек тіскебасарларына, тіпті кейбір ұлттық өнімдерге де қызығушылық зор, – деді ол.
Қазақстандық өнімдер әлемнің барған сайын көп елінің нарығына шығып жатыр. Отандық өндірушілер Орталық Азия мен көршілес мемлекеттерден бөлек, Қытай, Корея, Еуропалық одақ елдері және Таяу Шығыс нарықтарына да жол ашуда.
Қазақстандық өндірушілердің сауда географиясы біртіндеп кеңейіп келеді. Бұрынғыдай тек Орталық Азия немесе посткеңестік елдермен ғана шектелмейміз. Қазір Қытай, Корея, Еуропалық одақ елдері және Таяу Шығыс бағытында да жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, жуырда бір компания күнбағыс дәнін Үндістан нарығына шығарды. Сондай-ақ жақында Түрікменстанға барып, «Халк» супермаркеттер желісінде қазақстандық өнімдер сөресін аштық. Жергілікті сатып алушылардың қызығушылығы жоғары. Қазір жаңа жеткізілімдер бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – деді Әлібек Қаушенов.
Маманның айтуынша, қазақстандық өнімдердің басты артықшылықтарының бірі – табиғилығы мен сапалы шикізаты. Шетелдік сатып алушылар дәстүрлі тауарлармен қатар, ұлттық тағамдарға да қызығушылық танытып келеді.
Бұрын негізінен кондитерлік өнімдерге сұраныс болса, қазір ұлттық тағамдарға да қызығушылық артып келеді. Мәселен, шетелдік сатып алушылар «Баян Сұлу» компаниясының жентін ұнатып қалды. Сондай-ақ балық өнімдеріне де сұраныс бар. Мысалы, Польшаға көксерке балығын жеткізу жөнінде көптеген өтінім түсіп жатыр, – деді Әлібек Қаушенов.
Осылайша, шетел нарығында қазақстандық өнімдердің түр-түрі көбейіп келеді. Дәстүрлі азық-түлікпен қатар, ұлттық дәмі мен ерекшелігі бар өнімдерге де сұраныс артып отыр.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Қазақстандық өнімдер #QazTrade
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz