RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Инвестицияға бет бұрғандар облигация туралы нені білуі керек?

21.10.2026, 10:37 54

Мемлекеттік облигацияларға инвестиция салу банк депозитіне балама болуы мүмкін. Алайда олардың табыстылығын салыстырғанда купондық мөлшерлемеге ғана емес, бағалы қағаздың сатып алу құнына, өтеу мерзіміне және тәуекеліне де назар аудару қажет. Бұл туралы 24KZ телеарнасындағы «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.

Мысалы, Қаржы министрлігі шығарған облигациялардың бірінің купондық мөлшерлемесі 7,22% болғанымен, оны номиналдық құнынан төмен бағаға сатып алуға болады. Номиналы 1 000 теңге болатын бағалы қағаздың биржадағы сату бағасы шамамен 865,5 теңге болған. Баға айырмашылығы инвестордың жалпы табыстылығына әсер етеді. Сондықтан облигацияның купондық мөлшерлемесін депозиттің пайыздық мөлшерлемесімен тікелей салыстыру дұрыс емес.

Инвестиция салуға қызығушылық танытқан азаматтар үшін бағалы қағаздар нарығына шығу да жеңілдей түсті. R-finance микроқаржы ұйымының корпоративтік заңгері Рүстем Тоқтаровтың айтуынша, екінші деңгейлі банктер мен финтех ұйымдарының мобильді қосымшалары арқылы инвестициялау мүмкіндігі кеңейген.

Технологиялардың дамуына байланысты екінші деңгейлі банктер мен финтех ұйымдары түрлі қосымшалар арқылы азаматтардың бағалы қағаздар нарығына шығуына мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында инвестиция салу бұрынғыдан қолжетімді бола түсті, – деді Рүстем Тоқтаров.

Дегенмен облигация сатып алмас бұрын оның табыстылығымен қатар, бағалы қағазды шығарған ұйымның қаржылық жағдайын да зерттеген жөн. Компанияның қаржылық есептілігі, кірісі мен болашақ жоспарлары инвестициялық шешім қабылдауға көмектеседі.

Облигация нарығына инвестиция салғысы келетін адам алдымен қаржылық талдау жасауды үйренгені жөн. Облигация шығарған компаниялардың қаржылық есептілігі қор биржасының сайтында жарияланады. Сол есептерді зерделеу арқылы компанияның табысын, қаржылық жағдайын және болашақ жоспарларын бағалауға болады. Бұл облигация таңдағанда дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі, – деді Рүстем Тоқтаров.

Депозит пен облигацияның тағы бір маңызды айырмашылығы – қаражаттың қорғалуында. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қолданыстағы талаптарына сәйкес, теңгедегі жинақ депозиттеріне 20 миллион теңгеге дейін, өзге теңгелік депозиттерге 10 миллион теңгеге дейін, ал шетел валютасындағы депозиттерге 5 миллион теңгеге дейін кепілдік беріледі.

Ал облигация сатып алған инвестор эмитенттің міндеттемелерін орындамау тәуекелін өз мойнына алады. Сондықтан қаржы құралын таңдағанда ықтимал табыспен қатар, қаражаттан айырылу қаупін де бағалау маңызды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz