Шығыс Қазақстан облысында медициналық нысандарды жаңғыртуға және жол инфрақұрылымын дамытуға 105,7 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың бір бөлігі Өскеменде көпбейінді аурухана салуға және перзентхананы реконструкциялауға бағытталды, деп хабарлайды 24KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өскеменнің 19-шағын ауданында 300 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр. Аумағы 42,5 мың шаршы метр болатын нысан қолданыстағы облыстық аурухананың орнын басады. Жобаға мемлекет қосымша 33,3 млрд теңге бөлді. Қазір құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр, нысанның дайындық деңгейі – 28%. Аурухананы 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Медициналық мекеме бес мамандандырылған блок пен екі өтпелі галереядан тұрады. Мұнда хирургия, травматология, кардиология және нейрохирургия бөлімшелері, инсульт орталығы ашылады. Аурухана жылына 13,6 мың пациентке қызмет көрсетуге есептелген.
Сонымен қатар Ана мен бала орталығының стационар ғимараты перзентхана ретінде қайта жабдықталып жатыр. Жобаға 2026 жылы қосымша 2,4 млрд теңге бөлінді. Ғимараттың жалпы ауданы – 12,2 мың шаршы метр, құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталған. Нысанды биыл төртінші тоқсанда пайдалануға беру көзделген.
Реконструкция аяқталғаннан кейін перзентхана жылына қосымша 2 мыңға дейін әйелді қабылдай алады. Бұл өңірде акушерлік көмектің сапасын арттырып, күрделі патологияларды емдеуге жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын орта есеппен 5 300 бала дүниеге келеді.
Бұдан бөлек, Өскеменде Ертіс өзеніндегі көпірден Серікбаев көшесіне өтетін жолды ашу және Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жол айрығын жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Тегтер #24жаңалықтар #құрылыс #қаржы бөлінді #жол инфрақұрылымы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz